Өлеңдер ✍️
ҚАРАБҰЛАҚ ЖАЗЫ
Ауыл іші. Жалпақ жаз
Баса алмай тұр мамырлап.
Түгел дүние байтақ, мәз,
Толықсиды жан ырғап.
Баппен маңғаз жүгіріп,
Су ағады иректеп.
Жаздың иісін сіміріп,
Сүңгіп ойнар үйрек көп.
Тамызда ауыл ерек, көр,
Тамып тұрған наздай-ды,
Тал түсте тал-теректер
Жасыл шоқ боп маздайды.
Қарлығаштар өбектер
Жағы талмай жаз жайлы.
Жырлағанда жүректер
Жарыла бір жаздайды.
Көлдей төсі жайқалған,
Тау айнадай жарқырар.
Көк сағым – ну шайқалған,
Кемерінен артылар.
Көлкіп толған сезім бұл,
Етек-жеңін жимаған.
О, жаз – жалған
Көзімнің
Шарасына сыймаған...
***
Қандай тұнық таңғы Арыс,
Жанға құяр жайлы ағыс.
Толқындары – толғаныс.
Сыбдыр-сыбдыр ну қамыс –
Су төгілмес ырғалыс,
Салған ирек суда құс.
Арасында нар қамыс –
Атан ұрған жолбарыс,
Аңыз емес, болған іс...
Жел тұрды ма – ал жарыс,
Жосылатын зар қағыс,
Жоқ бұл күнде, қалды алыс...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter