Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  165


Автор: Мыңбай Рәш

Көңілімнің керуенін шөгерген

Халифа Алтайдың монологы
Қияметте қуғын көріп қырқысқан –
Қоныс болған Алтай, Шығыс Түркістан.
«Іңгәмді» алғаш тыңдап таулы сағасы,
Жесір анам жетілсін деп тыртысқан.
Намаз оқып, сауат аштым молдадан,
Хадым, жәдит жаттауымды қолдаған.
Алтай жақта кесілсе де кіндігім,
Атақоныс іздеп күнде зарлағам.
Жетімек боп жер жаһанды шарладым,
Шанхай, Гансу, Пәкістанда толғандым.
Үндістанның пісіп ыстық күніне,
Тентірей кеп Түркияда тұрғанмын.
Тәржімалап Құран, «Кәләм шәрифті»,
Зерделедім, зерттеп ата тарихты.
Қайда жүрсем атанбадым «қаңғыбас»,
Келдім сақтап дінді, тілді, ғұрыпты!
Жат елдерде қызықтырмай қия, бақ,
Жүрегімде жатты арман ұялап.
Ата тегім – туған жерге шақырды,
Қош келіпсіз – мейірлене аялап...
Елім! Жерім! Деген сөздер егіздей,
Жетеледі мені жетім дегізбей.
«Қандас!» – қандай қасиетті ұлы ұғым!
Қайран жұртым алаулатқан лебіздей.
Алатауым айқара ашты есігін,
Халиф Алтай әйгіленді есімім.
Көңілімнің керуенін шөгерген –
Мәңгі бақыт! – мен көксеген осы күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу