Өлеңдер ✍️
Ғабеңнің жебесі
Бастан кешіп соғыстың ауыр сынын,
Балапандай қатпаған қауырсыным,
Алатауға – аттандым Алматыға,
Құлағыма құйсам деп дәуір сырын.
Жүйріктермен жасымнан жарыса алдым.
«ҚазПИ-ге» кеп, Мұхтардан дәріс алдым.
«Сұлушашымен» сусындап жан Сәбемнің,
Ғибраты мол Ғабеңнен намыс алдым.
Тай-құлындай тебістім Ғафуменен,
Сол болатын мені алғаш ақын деген.
Серағаңнан үйрендім серілікті,
Сұхбаттастым Мәліктей батырменен.
Алшы түсер үйірсе асық болдым.
Жақсылыққа жаныммен тасып-толдым.
«Қыз Жібекті» көргенде Ғабең жазған,
«ЖенПИ-дегі» бір қызға ғашық болдым.
Бейімбеттің ауылына қонсам дедім.
Қырғи тілді Асқардай болсам дедім.
Қыңырларды түйредім қаламменен,
Несібемді сықақтан алсам дедім.
Ғабең мені алды өзі саясына.
– Бара берме деді! – арзан боясынға.
«Сарбаз бол деп «Араға» берді садақ,
Төрт аяқты бар адам арасында!...»
Ғұмыр кешіп күлкінің кемесімен,
Суырылдым Ғабеңнің жебесінен.
Жәдігөйдің жүйкесін жұлып түстім,
Жай ойнатып тексіздің төбесінен.
Ғабең берген садақпен көзден аттым.
Адастырмай ондықтан – көзден аттым.
Дөп тимеген кезі де болды оғымның,
Оқ емес-ау кәдімгі сөзбен аттым.
Мүсірепов бір өзі – тұтас ғалым!
Еркелетіп: «собака» дейтін маған.
«Собакаңды» естуге зар болдым ғой,
Сен кеткен соң айтпай жүр ешбір адам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter