Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  142


Автор: Мыңбай Рәш

«ЖОҒАЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ»

Сексенге кеп сақалмұрты тебінген,
Ұзын тұрға, садақ мойны керілген,
Бір танысым болатұғын ежелден,
Балалық кез куәсіндей көрінген.
Тұрқы жуан, ерепейсіз семірген,
Салбыраған қарны майға көмілген,
Сирақтары бейне пілдің санындай
Қартаңдықты сездірмейді өңінен.
Жастайынан алыпсатар болатын,
Бұйырмасты қыбын тауып қағатын.
Ақша салған книжкесі быжынап
Үй жиһазы көздің жауын алатын.
Салды сарай сан қабат, сан бөлмелі,
Балалары еш қиындық көрмеді.
Немересі шүйіре мұрын шолжаңдар,
Қисапсыз көп, темекісі, шөлмегі.
Азан-қазан ән-күй ойнар аспабы,
Рок-н-роллмен қатырады бастарын.
Жауын құрттай иреңделеп билесер,
Сатпақ бояу шаштары мен қастары.
Мектеп жақтан әкелер тек «үштікті»,
Пысықтау жоқ, пысқырмайды, іс бітті.
Көк түтінді көмейлете сорады,
Еріндерге қыстырып-ап мүштікті.
...Құттықтауға барғам құрдас мүшелін,
Сол құрдасым шірене кеп тістеніп:
– Балалық шақ сенде деді болған жоқ,
Рахатты көрмей өстің түс, өңің!
Сигар тартып шіренеді бәлсініп,
(Мендей қайда?) дегендейін мәнсініп,
Соқпа дедім өтірікті бекерге!
Зығыр қайнап, маңдайымнан тер шығып.
Жарқ-жұрқ етіп ашуымның қанжары,
Секілденіп маған салған жанжалы.
Жәдігөйлікті сендей желеу еткем жоқ,
Маған мәлім қулық-сулық жан-жағың!..
Ал, мен болсам аштық жылы туыппын,
Селтеңдеуден бойымды аулақ суыттым.
Дүниеқоңыз болса сенің қызығың,
Ауылым үшін мен қиындық қуыппын.
Есіме алсам балалық шақ тым қызық,
Егін орып, шөптен мая тұрғызып.
Керек болса жабыса қап рульге,
Тракторды тырылдатқам жүргізіп.
* * *
Түрткі болды сол бір сөзі «дөкейдің»,
Шататұғын тереңінде көкейдің.
Шыға келді бал-балалық шақтарым,
Оқырманға айтып қарыз өтейін.
Шолжыңдайтын болмады ешбір ыңғайым,
Жағаласпен өтіп жатты күн, айым.
Оқырманым, жайып салдым шындықты,
Балалық шақ кезін десең тыңдайын.
Зобалаң жылдар сұрапыл
Қиялыммен бала кезді ойға алсам,
Шақша басқа ширатылар ойлар сан.
«Балам» деген сөзді ержеттім естімей,
Күңгірт көңіл. Болған емес жайнар шам.
Алақанын көрмей өстім ананың,
Жетімтіктен айдар таққан баламын.
Туғанымнан ашаршылық басталған,
Жылысып бір өтіп жатты нала күн.
Көз алдымда арық малдың күйісі,
Сұр даланың сумаңдаған бүйісі.
Кеңсірікті қытықтайды қабарып
Жаңа ғана піскен нанның иісі.
Таба нанды талапайлап, бөлгіштеп,
Көп ауызға үлестірген бергіштеп.
Рақила деген әжем болатын,
Бір Тәңірге сиынатын сенгіштеп.
Қайтқан атам отыз екінің қысында,
Жүдеу тарқан жер тамдардың тұсында.
Аштық қысып қатып қалған қаңқалар,
Қайсыбірі сырқаттанып ұшына.
Ал көктемде жиегінде соқпақтың,
Далаларда шілдедегі аптаптың.
Қасқыр жеген қабырғалар қалдығы,
Іштерінен кездеседі батпақтың.
Солай болған Дағандының бойында...
Деп қойғанды атам алып ойына.
Қарны аштар құзғын сынды қаптайтын,
Әлде кімнің қалса малы сойыла.
Аштық деген керемет жұт болды ғой,
Сай-салалар зираттарға толды ғой.
Адам саны кеткен содан азайып,
Үміт өліп, көңіл гүлдей солды ғой.
Иә, немерем, несіне сен күлесің?
Екі-ақ жаста еміс-еміс білесің.
Нұржамилә берген жырып аузынан,
Бәрі сенің болатұғын үлесің.
«О, жаратқан, сақтай көр! – деп Міңкемді!»
Қалт-құлт етіп жүрген құртып діңкемді.
Таң бозынан шөп шабуға кететін
Шағын ауыл әйелі мен еркегі.
Теледидар түсіңе де кірмеген,
Интернетті жан баласы білмеген.
Сол ауылда бір-бірімен сөйлесер,
Тек қазақша нағыз ана тілменен.
Кейін келе киноны жұрт қызықтап,
Радионы болды еститін сыздықтап,
«Чапаев» пен көріп «Амангелдіні»
Көңілдене тұрдық кеп біз ұйықтап.
Кесілген жоқ менің мүлде тұсауым,
Тамақтана шала-пұла түс ауым,
Тоғайдағы толатұғұн шөмшекке
Алда-дұлба кіп-кішкене құшағым.
Туған күнді атау деген жоқ мүлде,
Орта құрсақ болсадағы «тоқ күйде»
Жүруді мен айналдырдым әдетке,
Маңдайымды қыздырумен шоқ күнге.
* * *
Суық мектеп отыны жоқ жағатын,
Шаруалардың шағын малы бағатын.
Сары аязда жолға шыққан жолаушы,
Аяқтары сықыр-сықыр қағатын.
Болатұғын «Джип» орнына – өгізі,
Мөрде басып жыпырлаған көп ізі.
Жегіп арба, мойынағаш кигізіп,
«Өк! Шу!» дескен болатұғын «лебізі».
Жүдеу мектеп жанып тұрған шамы жоқ,
Спортпенен айналысар залы жоқ.
Бір пәніміз болатұғын әскери,
Оныңдағы оңып тұрған мәні жоқ.
Қолымызға ағаш мылтық ұстатып,
«Смирно!» десе қалатынбыз біз қатып.
Қыс кезінде сол бір соғыс сабағы,
Денемізді тастайтын-ды мұздатып.
Ұмытқам жоқ...
Ұмытқам жоқ қырық бірдің маусымы,
Жазғы жайлау.
Тұман басқан тау шыңы.
Он бір жасқа шыққан кезім болатын.
Төртіншінің сыныбы да таусылды.
Күн ұядан шығысымен шықты шу.
Азан-қазан,
Абыр-дабыр,
Ауыл-аймақ у да шу.
Бір қиямет басталғанын хабарлап
Жағы сенбес «қарақұлақ» радио қу.
Бәсе-бәсе... білінгеннен лебі таң
Көз ілінбей жатқан едім мен аң-таң.
Деп қойды атам алдыдағы жөтеліп,
Кім еді аты әлгі діктір?
Левитан!..
Иә, соның өзі.
Солай немере.
Кеттім шошып
Көзді уқалап: не, не, не?
Сәветтерге оқыс соғыс ашыпты,
Кім еді әлгі?.. Китлер деген немене!
Алты жаста Анашымнан айрылып,
Жүдеп жүрген кезім еді қайғырып.
«Жетім» сөзі жармасқан-ды желкеме,
Жекжаттарға қарайтынмын қаймығып.
Аңдыздаған адам қырдан, ойдан да.
Кешікпей-ақ аттанды әкем майданға.
Қырық бірдің қаңтарында өлді әжем,
Көз жұмды атам шілдедегі жайлауда.
Естімейтін болдым мүлде «Міңкені»,
Жетім сөзі жүйкелетті діңкені.
Долда деген ағайындас ағаның,
Тұрушы еді бізге іргелес дүкені.
Көрік басып, қызыл темір қыздырған,
Ұстатұғын аты әйгілі ызғырған.
Ақсақтықтан ол әскерге алынбай,
Ұсташылық көрінетін құзырдан.
Ертіп кетті бір күн мені жетелеп,
Біздің үйде тұрасың бала Мәке деп.
Долдекеңді тумаса да туғандай,
Өле өлгенше кеттім менде Әке деп.
Он үшімде астық орып, қой бақтым,
Тіршіліктің тереңіне бойлаппын.
Сұрапылдан санам ерте оянып,
Қаршадайдан ауыл қамын ойлаппын.
Майысып бел жігіт жүгін көтердім.
Жауға деген кегім қайнап от өрдім.
Қажет болса руліңе жармасар,
Құжаты жоқ, қайраты бар шофермін.
Не болады болашағым, тағдырым?
Ойға кірмес,
Өтер заулап зарлы күн.
О, жасаған! Оралта көр әкемді...
Қайғырумен қарсы аламын таң нұрын.
Білім өріне
Балалықтың бал-базарын ұмыттып.
«Мәкең» деген бір сөзге бой жылыттым.
Мен жоғалтқан балалық шақ орнына
«Шыда» деген бір сөзден мол сыр ұқтым.
Мен отыздың қазанында туыппын.
Он бесімде ширатылып шынықтым.
Он алтымда ор текедей орғыдым,
Кәдімгідей көпті көрген жігітпін.
Ақыл-ойым алға сүйреп есейдім.
Жоқтатпастан орнын әке-шешемнің
Алып кетті қырық үштің қысында
Дүйсен ағам – жалғыз ұлы Есейдің.
Сұрапылда Алматыға мен келдім.
О басында орын таппай, сенделдім.
Оқуымды жалғастырып осында,
Қарт ҚазПИ-ге түсуімді жөн көрдім.
ҚазПИ – көптен атағы зор шаңырақ.
Қозылардай қиқуладық жамырап.
Әуезов кеп оқығанда дәрісін,
Аузымыз қалған еді аңырап.
Сонда маған сөйлеп тұрды тіл қатып,
Әдебиетші кәдімгі Айқын Нұрқатов.
Бақыттымыз! –
Деді сонда Баламер.
Домбырасын безеп әнін шырқатып.
Ғажап, Ғажап!
Әуезовтың өзінен
Дәріс тыңдар тәнті болу сөзіне!
Ризамын өзге жерден оқымай
Тек Мұқаңа шәкірт болған кезіме.
Иә, деді күлімсіреп Шәмшия,
Табылмас-ау тап Мұқаңдай жан, сірә?!
Академик болса болғай осындай,
Тебіренеміз,
Тыңдаймыз кеп таусыла.
* * *
Әскери пән бар екен ғой астары,
Ол соғысқа әзірлеу ғой жастарды.
«Соғыс сабағы» аталынған сол пәнді
Ақанбаев деген ағай басқарды.
Жіп-жіңішке, бойы биік бақандай,
Әскерлерше түсі суық Жақанбай.
Қатаңдыққа сонда бізді үйретті,
Ағаш мылтықпен жау біткенді атардай.
Түп-түзу қып сапқа бізді тізетін,
Жіті қарап көздерімен сүзетін.
Бұл жағынан ешбір оған кінә жоқ,
Мұғалімдік жалғастырған қызметін.
Бағынамыз жауынгердей бәріміз.
Бағынбай көр! Қаһарланар «кәріңіз».
Сонау кезден ойға қалған сақталып
Мынау еді шырқайтұғұн әніміз:
«Лап!
Алға қарай, қызыл ер!
Шап!
Қас жауларға соққы бер!
Болат норком –
Ворошилов бастаған
Қолбасшының
Қайраттана соңына ер!
Лап!
Шап!..»
Осылайша сілтеп ағаш мылтықты,
Шайқасуға жаумен «әскер» ынтықты.
Кімдер дұрыс атқармады дегендей
Ақанбаев ала көзбен тінтіп тұр.
Шолпан батқан қара су
Демалыста барам ауыл – жайлауға.
Құлын біткен желілерде байлауда.
Сәл қолымыз босай қалса шуылдап
Шығатынбыз су малшылап ойнауға.
Қоға басқан бар қара су іргеде.
Сол бір судан тазаратын кір дене.
Тереңдігі төрт-ақ метр болатын
Өзен де емес көлшікке ұқсас бірдеңе.
Бәлкім жаңбыр, қар суынан жиналған,
Табиғат қой солай етіп ұйғарған.
Бала біткен базарлаймыз сонда кеп,
Құлағымда сарыны мол күй қалған.
Бүлдырайды балалық шақ елесі,
Шілде айының тұрған саумал желі есіп.
Күмп береміз қара суға қарқылдай
Шаттанушы ек шаң-шұңдаса кеңесіп.
Шолпан деген болды әйбат қыз бала,
Қаршадайдан жүруші едім қызғана.
Боз қыраудай өңі аппақ болатын,
Күлімсіреп қоюшы еді наздана.
Мектепте де жаңылмайтын жұбымыз,
Бірге өтетін айлар, жылдар күніміз.
Егер Шолпан өлмей тірі тұрғанда,
Бірімізді жоғалпаушы ек біріміз.
Сол Шолпаным жалт-жұлт еткен қайраңдай,
Бірбен бірге жүретұғын сайраңдай.
Қарауытқан қара суға ырғыды,
Малту білмес халін мүлде ойланбай.
– Шолпан! дедім шошынып мен жағадан,
Секірерде ол маған жалт-жұлт қараған.
– Шолпан!
– Шолпан!
Қалжыңыңды қой! – деймін
Батты суға!
Кетті суға!
Жоқ адам!..
Шолпан суға кетті! – десіп шуладық.
Таппай судан шошынып біз туладық.
Қара судың өңешіне жұтылды.
Шолпаным-ай!
Кімнен жәрдем сұралық?..
Ошақ алып келді Әбен ағасы,
Тапқызбайды лай судың сабасы.
Қаптаған жұрт: «О, Құдайлап» шошына,
Ауылдағы туыс, жекжат, нағашы.
Ботам-ай!-лап соқты санын әкесі,
Құтқаруға келмеді ешкім шамасы.
Бедірейіп кеткен сынды тереңдеп,
Сол қара су жатты сұлық кемерлеп.
Шолпанды іздеп шомылмайтын болдым мен,
Өшті үміт, елесі тек елеңдеп.
Кіп-кішкентай Шолпанды іліп ошақпен,
Шықты Әбен жаға алып құшақпен.
Әупірімдеп жатқызды әкеп жағаға,
Шешті арқанды тісі өткір «пышақпен».
Шолпанымның іші сумен кеулеген,
Шуласқан жұрт:
-О, жаратқан! – деуменен.
Дәрігерсіз дәрмені жоқ ауылдың
Қолдарынан ешбір ем-дом келмеген.
Жатты Шолпан күн ұяға батқанша,
Белгі бермей тірліктен таң атқанша.
Жатты Шолпан көз жұмулы, тіс жармай
Түнгі аспаннан жарық жұлдыз аққанша.
Қайран Шолпан қас қаққанша жоғалдың,
Бәлкім, менде шығар сенің обалың?
О, Тәңірім! Жаратқаның шын болса
Шырылдатып қимасымды неге алдың?
Мән бермегем, деп ойлағам әзілі,
Көз алдымнан кетпей қойды наз үні.
Суға сүңгіп таба алмадым сені мен,
Сол болар-ау сірә менің жазығым!
* * *
Шолпанымның тіп-титімдей денесін,
Өлген жерге қою жөн ғой дегесін,
Қара судың жағасына қалқиттық,
Жазып атын қағып зират шегесін.
Сол Қара су – «Шолпан суы» аталды.
Көрген көздер сол көлшікке маталды.
Алда-жалда бет түзесем ауылға
Шолпан жаққа жалғастырам сапарды.
Бала кездің куәсі деп бекіндім.
Көз алдымда толқынданған кекілі.
Мейір толы мойыл көзі мөлдіреп,
Ағатайлап келе жатқан секілді.
Бір жас үлкен болғандықтан «Ағалап»,
Сыйлайтұғын мені ерек бағалап.
Егер біреу оған әбес сөз айтса,
Маған мұңын шағушы еді сағалап.
Бар болғаны бітірді екі сыныпты,
Өте зерек оқушы еді білікті.
Бестік баға еншісіне тиетін
Дәптерлерде қаздай жүзіп тұнып тұр.
Той болғанда әсем әнге салатын,
Тыңдаушылар тәнті болып қалатын.
Осы қыздың болашағы зор-ау деп
Ұстаздары оған аң-таң болатын.
Тақпақтарды тақылдатып айтатын,
Жүргіргенде желдей есіп қайтатын.
Анасы Әлпен:
Айналайын ақ ботам! –
Сүйсінгеннен баяу басын шайқайтын.
...Мен ауылымнан хабарымды үзбеймін,
Қиялдаймын, Шолпанымды іздеймін.
Қара су да бара жатыр құрдым боп,
Баяғыдай шомылмаймын, жүзбеймін.
Шолпанымды жиі-жиі іздеймін,
Тірілгендей күдерімді үзбеймін.
Балалықтың бұлдыраған базарын
Шау тартқанда сағынышпен іздеймін.
Мейлі, қанша іздесемде қайырылмас,
Жас шақ қартпен жасамайды айырбас.
Қайырлайды екен қиял қанаты,
Қайран жүрек тебіренуден тайынбас.
Қозыға қасқыр шапқанда
Қияларда қозы бағып жүрген ем,
Түс ауғанда болды оқиға білмеген.
Маңырасып үрке қашты қозылар
Тұтқиылда бөрі тиіп іргеден.
Тымтырақай қашты қозы бұлтыңдап,
Үрке шошып, бейберекет бытырап.
Қайт кейін! – деп қарап тұрмын дәрменсіз,
Атар ма еді оқтаулы бір мылтық ап!
Бар болғаны сүйретулі құрығым,
Қаруға оны санар дейсің мұны кім?
Қайт! Қайт! Деумен қалды тамақ қарлығып,
Болмайды ғой бекер қарап тұруым.
Қайқай, деймін құзғын қорқау қасқырлар!
Құдай ұрсын қаңғыбас қара басқырлар.
Айқайымды жел қақ байлап әкетті,
Тыңдағандай жаңғырықты тас қырлар.
Екі қасқыр шыға келіп жылғадан
Қас қаққанша қозыларды ұрлаған.
Жондарында қозы кетіп барады,
Маңырауын жапан дала тыңдаған.
Екі қозы жан тапсырды табанда.
Бұл сұмдықты айту қиын маған да.
Ферма бастық апай басын шайқады:
«Япырай, мұндай қапа болар ма!»
Колхоздың әр есепте ғой қозысы,
Жекеменшік болса онда өз ісі.
Күн батуға құрық бойы қалғанда
Жылай-жылай жүйкем тозды, көз ісіп.
Ауылыма бас салбырап оралдым.
– Өкінбе, деп мылтық алар болар күн!
Әлпен апай жұбатады мені аяп
Ал, шығынның орнын қайдан табармын?
Қос қозыны еңбегіңе берешек
Қосам дедім сол шығынға келешек.
Тәртіп қатаң екенін іш сезеді
Соғыс жылы айналаның бәрі есеп.
Бәлкім мені аяды ма, кім білсін,
Дегені ме мен үйреніп үлгерсін.
Біледі олар менің ауыр халімді
Сезеді олар жетімдікті бүлдіршін.
Меншігінде қозысы көп Жақия
Деді маған: басыңды көп қатырма.
Шығыныңды шып-шырғасын қалдырмай
Қалқам Мыңбай, қосам сенің атыңа!
Айттым ғой мен бәрі орнына келер деп
Ағайындар керегіңді берер деп,
Жалғыз қалған сені жарға жықпаймыз! –
Әлпен апай айтқан сөзі елеңдеп.
Сол-ақ екен, түзеп алдым бойымды,
Қозы тұрмақ бағам дедім қойыңды.
Әттең қолға тиер ме еді бір мылтық
Көкжалдарды білем қалай жоюды.
Кешікпей-ақ айтқанымдай қой бақтым.
Он үшімде елдің қамын ойлаппын.
Әпкей маған бір күн мылтық ұстатты
Қутың қақтым тайраңындай тайлақтың.
...Зулай ағып өте берді мөлтек күн
Ел қорғауға кеткен бәрі еркектің.
Он үшімде мен бозбала атандым,
Ауылым үшін тартынбадым, тер төктім.
* * *
Көз алдыма кетті тағы елестеп,
Сағымданған аптап күндер, жел ескек,.
Өр сеніммен алға өрлеп келемін,
Белді буып белестерден белеске.
Қалай бала, бағасың ба қозыны?
Қарт-құртаңның жеткен жүдеп тозығы.
Еңбегіңе екі қозы аласың,
Өз ауылың – кең сарайдай өз үйің!
Деген солай апай ферма басқарған,
Сені лайық көрдік көнбіс жастардан.
Төкеңдағы сені құптар түрі бар,
Колхоздағы маған бастық басқармам.
Құп болады! – деп мен сонда келістім.
Өлкедегі бәрі таныс өрістің.
Енесінен ажыратып қозыны,
Маңыратып бағуға мен кірістім.
...Енді міне, бойдақ қойды бағамын,
Оңашада әуезді әнге саламын.
«Шәй-шәй қойым» деуден ешбір жалықпай
Ойдан өрлеп қырға кетіп барамын
Қолда мылтық, қасқа құнан астымда,
Кездестірші енді бәлем қасқырға.
Көздеп тұрып танытайын көкесін,
Ей, көкжалдар, қайтып маған қас қылма!
Керемет күш тұла бойды кернейді
Сенім – сергек. Көңіл – көкке өрлейді.
«Шәй-шәй қойым» қырға қарай тартыңдар!
Қолбасшыдай санам алға сермейді.
Қою сүт
Саулықтарды қойдықтағы қосақтап,
Сауамыз кеп әжемізбен шашы аппақ.
Сүті қандай десеңізші қоп-қою,
Тамсанумен сан тостаған босатқам.
Ақ ірімшік қайнатамыз қазанда,
Майзоводқа жөнелтеміз азанда.
Сары суы ол да жерде қалмайды,
Ол да тағам, бәрі тұрар назарда.
Қандай шіркін қою сүттің қатығы
Тіл үйірген тіпті бөлек татымы.
Айранына ағаш қасық тік тұрар
Асқазанға айрықша ғой батымы.
Отынды біз таситынбыз даладан,
Бар аймақта быжынаған қараған.
Төскейлерде тұрар қаптап тобылғы
Барлығы да от жағуға жараған.
Қалалардай көмір сатып алмаймыз,
Отын іздеп біз аулаққа бармаймыз.
Беу табиғат, бар дәулеттің анасы!
Күнде солай қаракетті жалғаймыз.
Жолығатын енесіне жамырап
Тұр қозылар сәл есейіп маңырап.
Қайта көрмес қошақанын сезгендей,
Салпаң құлақ саулықтар тұр аңырап.
Тіршілігі бөлек әлем қойлардың
Белден басып тереңіне бойладым.
Еті – балдай, жүні – қандай жарықтық.
Тіл қатпайды-ау басқа кірмес ойлау мұң.
Қазан құйрық ісектерін кей-кейде.
Жөнелтеді комбинатқа – Семейге.
Еті – шұжық, терісі – тон болады.
Тоңазытқыш сақтаса егер серейген.
Толып тұрған тоңазытқыш керегі –
Қан майданда жауынгерлер қорегі.
Шұжықтары жол тартады шалғайға.
Тосып алар талай қамба межелі.
Қойы өрістеп сай-саласы, бедері
Биіктеді ауылымыздың беделі.
Егіздетіп, семіздеткен үшін де
Қастерленді шопандардың шебері.
Эпилог
Ал құрдасым, келсеңдағы көп жасқа,
Қариялар парасатты болмас па?
«Балалық шақ» көрмедің деп неге айттың?
Сенің емес, менің жолым бір басқа.
Сен әкеңнің дәулетімен желіктің,
Құр байлықтан айтшы, өзге нені ұқтың?
Айырмамыз – сенің әке-шешең бар,
Мен күйіндей болдым майсыз жіліктің.
Жетімдіктің мойынға іліп қамытын,
Қастерледім мектептің сия-сауытын.
Мен үстіме жамау жейде кисем де,
Адалдықпен бірге астасты бағытым.
Адамдықпен ағайындас бағытым,
Жаздым жырды келген кезде шабытым.
Ал сен болсаң, нан пісірді кеудеңе,
Талайлардан арбап алған табысың.
«Балалық шақ болған жоқ, – деп көкіме!»
Осы сөзді айтам саған өтіне.
Әр пенденің жүрген жолы әр қилы,
Тәңір қосқан тағдырға мен өкінбен.
Балалықтың кеткен тарқап базарын,
Қиындықпен қызығы мол ғажабын,
Қалай ғана шығарайын есімнен
Қайран жастық – қартайғанда жазарым!
Кездерім ғой қайрат күшім тасыған,
О, оқырман! Баяндадым басынан.
Көңіліңе түсірмей еш көлеңке
Құрдас, сен де риза болғын осыған.
Кеуде соғып еңбегімді сатпадым,
Мылжыңдардың елемедім шатпағын.
Өмір бойы бір Тәңірге табынып,
Қарапайым борышымды ақтадым.
Жоғалған жоқ сол балалық шақтарым,
Оған куә маң далам мен шатқалым.
Жасыл жайлау ағып өткен жұлдыздар,
Аптап күндер, борандатқан ақпаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу