Түмен Балтабасұлы
Түмен Балтабасов (1884, Маңғыстау түбегі, Қызан – 1957, Таушық ауылы) – ақын. Жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Абыл мен Нұрым, Ақтан мен Қашаған, Махамбет пен Мұрат жырларын насихаттаушы. Қоян жұтында (1927 – 1928) үй-ішімен Түбіжік пен Қаңғаны мекендеген. Түмен кәсіп іздеп Махачкалаға (1939 – 1940) барады, одан кейін Таушықты мекендейді. Түменнің жыр-толғаулары жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған. 1965 жылы «Пернелердегі термелер» жинағында Түменнің «Біздің сұлу Алматы» деген толғауы жарық көрді. «Қазақстан», «Маңғыстау», «Жеңіс жыры», «Біздің сайлау», «Сәттіғұл ақынға», т.б. толғауларында халық тарихын дәуір шындығымен байланыстыра асқақ сезіммен жырлайды. Оның бірқатар жырлары сын-сықақ сипатында шығарылған. Ақын туралы деректер мерзімді баспасөз еттерінде, сондай-ақ Сыдиықұлының «Ақын-жыраулар» (1974) атты кітабында кездеседі.