Бір үзік сыр

Демім ішіме сыймай, жүгіріп, табалдырықтан аттаған бойы үйдің тыныштығына көзім жетті. Сықырлап басқан әрбір қадамым күнде көретін, қабырғада ілініп тұрған, көздерінде терең мағына жатқан, әкемнің көздерінен аумайтын суретке бүгін де көзім түсіп, қасына еріксіз жақындадым. Атам болатын. Мойнына асылып, иіскеп-иіскеп сүйіп, арқасына жүгіріп барып құшақтап, дауысын өз аузынан естімесем де, оны қатты жақсы көретінмін. Бір-ақ сурет. Мауқымды басатын. Әкем мен анамнан естіген ең әдемі, керемет сөз - «атаңа ұқсайсың» деген сөз. Әкеме келіп: «Атам қайда? Неге ол бізбен бірге емес? Неге мен атамды көрген емеспін?» деген мыңдаған сұрақтарыма естіген жауабым «Ол да сені жақсы көреді. Атаң өте алыста» деген бір ауыз сөз болатын. Мүмкін мені аузынан сүті кетпеген сәби көрді ме, әлде кішкентай кеудемдегі үп-үлкен жүрегімді жаралағысы келген жоқ па, әйтеуір сөздері ащы емес еді. Бірақ сөздері алдаса да, көз алдамайды ғой. Сұрақтарыма жауап тым кеш, қолыма жырым-жырым, беттері санаулы ғана, сарғайып, тозып кеткен, құдды бір отқа кіріп шыққандай дәптер мен бір уыс хаттарды ұстаған кезде айтылды.
Жасым отыздың жартысына келгенде ғана әкем менімен ересек адамдарша сөйлесе бастады. Жүрегім қас айырылғандай болды. Дәптерді құшақтаған күйі бөлмеме жүгіріп келіп, үстелдің астына кіріп, беттерді сабырсыздана ақтара бастадым. Атамның иісі. Бауырыма басып, қатты-қатты құшақтап алдым......
Шығармалар
Толық