Қиял-ғажайып ертегі: Достық

Бұрынғы өткен заманда бір жігіт аңға шығып құс салып жүрсе, бір тасқа қонып отырған бір көк құсты көреді. Кұстың қасына жақындап барса ұшпайды. «Бұл не қылған кұс» деп ұстап алып қараса, қанат, құйрығы жұлынып, жұрдай болып қалған екен.

Көк құстың мұндай ахуалда болғанына рақымы келіп, жігіт құсты үйге алып келіп, атасына көрсетіпті. Атасы құсқа қарап отырыпты да:

—Балам, бұл құсты он бес күн бақ, сонан соң тілеген жағына ұшырып жібер,—депті. Жігіт атасының, айтқанын істеп, құсты он бес күн бақты. Құсқа жаңадан қанат, құйрық шықты.

—Тілеген жағыңа ұшып кете бер,—деді жігіт.
—Басыңа қандай болса да бір қиыншылық туса, мені тауып ал, мен пәлендей жерде тұрамын,—деді көк құс.

—Жақсы, керек уақытта тауып алармын,—деп қалды жігіт.

—Қош, жігіт!—деп пыр етіп көк құс ұшып кетті. Күндерден күн өткенде жігіттің атасы да, қатыны да өлді. Малдан, бақтан айрылды. Киюге көйлек те, ішуге тамақ та таппады. Сондықтан ол баяғы көк құсты іздеуге мәжбүр болып жолға шықты.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Көк сиыр

Баяғыда Әлболсын деген бір қоңырқай шаруа болыпты. Оның әйелі және бір қызы болыпты. Күндердің бірінде Әлболсын тоқал алуды арман етіпті. Әлболсын тоқал алуды, бір жақтан, жұрт көзіне түсу, екінші жақтан, үй тіршілігінде қол ұзарту деп түсінетін болса керек. Күндердің бірінде Әлболсын арманына жетіп тоқал алады. Ол да қыз табады. Өзі ұл таппаған бәйбіше тоқалдың да ұл таппауын тілейді екен. Іштей қуана отырып, ұл таппады деп жазғырып, «әдіре қалсын, күң неме» деп, тоқалды басынып алыпты, оған күн көрсетпепті. Тоқал байғұс арқалап отын, шелектеп су тасыпты, сиырды сауатын да, атты ерттейтін де, жүн түтіп, жіп иіріп, қап тоқитын да сол болыпты. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қарылып, аш-жалаңаш жүріпті. Жаман сырма киіз етігін үсті-үстіне жамап киіп, бақытсыз қызын баспақ теріге орап өсіріпті.

Бәйбішенің қызы Әлболсынның тапқанын киіп, тоқалдың қызы ысытып берген сумен басын жуып, шашын тарап білгенін істепті. Еркелікпен аузына келген сөзді сөйлеп, бәдік және дөрекі болып өсіпті.

Әлболсын осы екі қыздан кейін перзент көрмепті. Күндер өтіп, ай толыпты, айлар өтіп жыл толыпты, жылдан жыл өтіп, екі қыз ержетіпті.

Тоқалдың қызы күң атаныпты. Анасының толып жатқан қиыншылықтарын өз үстіне алып, отын тасып, су әкелетін, ыдыс-аяқ жуатын, сиыр бағатын болыпты.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Тұз басты жыланның хикаясы

Бұрынғы заманда бір қатынның бір қызы бар еді. Ол қыздың аты Маржан еді. Бір уақытта Маржан көршілерінің қыздары мен суға түсуге кеткен, барлық қыздар киімдерін, көйлектерін шешіп суға түседі, бұл қыздар судың ішінде тұрғанда бір тұз басты жылан шығып, Маржанның көйлегіне кіріп жатқан. Қыздар суға шомылып болған соң, судан шығып, киімдерін киіп, үйге қайтып кетті. Маржан судан шығып, киімін киемін деп келсе, көйлегі ішінде бір өлген тұз басты жылан көрді. Жаман қорыққан Маржан бір үлкен таяқ алып, жыланды қуалап жіберем деп, таяқпен ұрам дегенде, жылан басын көтеріп, адам секілді Маржанға айтқан: «Әгар маған тием деп уағда қылсаң, киіміңді беремін, әгар маған тимесең, киіміңді де бермеймін, өзіңді өлтіремін», – деген. Маржан тіпті жаман сасып, уағда берген болады. «Тиемін»,—дейді. Мұнан соң жылан киімнің үстінен түсіп, суға түсіп кеткен. Маржан киімін киіп, үйіне қайтып кеткен. Қайтқан соң анасына барын қалдырмастан сөйлеген, қандай болған істерін һәм өзінің уағда қылғанын. Қыздың анасы қызына көп қарап айтты: «Бала, жаным, бұл сенің түсіңде көрген түсің шығар»,—деген......
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Қармақ салған жігіт

Бір жігіт бұрынғы заманда суға қармақ салып жүрді. Қармақ салып жүргенде күнінде бір балықтан артық түспейді. Бір күні қармағын салды, екі балық түсті. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Күнінде біреуден артық түсуші емес еді, маған бүгін екі балық түсті, мұны берген Құдай маған бірдеме берер»,—деді. Қармағын күнде салып жүрді. Күнінде екі балықтан түсіп жүрді. Бір күнде жігіт жатқан жерінен түрегеліп, беті-қолын жуып тұрса, қармағын салайын дегенде бір сары ит жүгіріп жігітке келді. Жігіт айтты: «Е, Құдай-ай! Қанша жылдан бері мен қармақ салып, бір балықтан алып жеп жатушы едім, енді маған, екі балық түсіп тұрғаны, біреуі иттің несібесі екен»,—деді. Бір балықты итке берді, бір балықты өзі жеді, итті жолдас қылды, екеуі жолдас болып жүрді. Екеуіне екі балықтан Құдай қанағат беріп жүрді. Сөйтіп, жүргенде екі балықтан түседі, бірін ит жейді, бірін өзі жейді.

Бір күні үш балық түсті қармағына. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Бізге Құдай тағы бір серікті берер». Күнінде үш балықтан түсті. Бірін ит жеді, бірін өзі жеді, бірін алып қояды. Ертеңіне екеуі түрегеліп, беті-қолын жуып тұрады. Бір ала мысық жүгіріп келді. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Ит пен жігіт айтты: «Бір тәуір мысық екен»,—деді—мұны берген Құдай тағы бірдеңе берер», – деді. Түнде үшеуі жатты, ертеңіне тұрды, қармағын салды, үш балық түсті, үшеуі үш балықты жеді.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Пырақ

Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда Қасым атты хан болыпты. Ханның өзі хандығын елден асырса да, басында бір қайғы болыпты. Бір баланың жоқтығынан хан алты әйел алыпты. Алты әйел алса да бала көрмепті. Бір күні хан отырып елін жинап бата алып, қажыға бармақ болыпты. Сол оймен халқын жинатып, ақ бата алып қажыға жүреді.

Хан бірнеше күндей жол жүріп, Алатау деген тауға келіп түнейді. Түнде көзі ұйқыға ілініп кетсе, түсінде үш пері адам болып келіп: «Хан басыңды көтер, қолыңды жай, Құдай сенің тілеуіңді береді, еліңе қайт, барғаннан кейін бір әйелің екіқабат болады!»—дейді де ғайып болады.

Хан ұйқыдан басын көтеріп алса, ешкім жоқ. Сонымен хан, еліне қайтады. Еліне келіп, арада бірнеше ай өткеннен кейін ең кенже әйелі жүкті болып, бір ұл табады. Хан ұлдың атын Пырақ қояды.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Сиқырлы тас

Баяғы өткен жақсы заманда бір үлкен бай болған екен, сол байдың жалғыз баласы болыпты. Жалғыз баласының жасы толған соң, бай «баламның қызығын көремін»,—деп жыл сайын жанындағы жәрмеңкеге жібереді екен, саудаға бір мың теңге ақша беріп, һәм сауданың жөнін білмейтұғын баласы сол жолы әкесінің берген ақшасына бір мысық сатып алыпты. Өз үйіне қайтқан соң, бай баласының келгенін есітіп, «балам не нәрсе сатып алып қайтты»,—деп қуаныш көріп, баласына келіп амандасып болған соң сұрайды: «Әй, қарағым, сен не сатып алып қайттың берген ақшама?»—деп. Баласы жауап береді: «Әке, мен бір түрлі хайуан сатып алдым, өзінің өнері сол: бұл жер үстіндегі тышқаннан тышқан қалдырмайтын мысық деген»,—деп. Бай баласының бұл сөзіне ешбір жауап айтпай, үйіне қайтты дейді.

Келер жылы сол уақытта тағы да баласының қызығын көрмекке, саудаға екі мың теңге ақша беріп, базарға жібереді. Бұл жолы баласы базардан екі мың теңгеге бір бүркіт сатып алыпты. Үйіне қайтып келген соң, тағы да әкесіне айтады: «Әй, әке, бұл жолы мен бір түрлі құс сатып алдым. Сол құсым көктегі құстан құс қалдырмаса керек, бәрін қырып жойып бітіреді»,—дейді. Әкесі бұл сөзіне де еш жауап қайтармапты. Келер жылы тағы да сол уақытта үш мың теңге беріп, тағы да базарға жібереді. Бұл жолы баласы бір тазы ит сатып алып қайтты. Үйіне келіп, әкесіне мақтаныш қылып, айтады: «Ата, мен бұл жолы бір тазы ит сатып алып қайттым, оның өнері сол: жер үстіндегі қояннан, түлкіден, қасқырдан түк тастамайды»,—деп. Атасы еш жауап айтпай қойыпты. Төртінші жылы төрт мың теңге ақша беріп, бай баласын тағы да базарға жіберіпті. Баласы бұл жолы бір үлкен сандық сатып алыпты, ішінде не бар-жоғын білмей, кілтіменен. Сатқан кісі бұған айтыпты: «Бұл сандықты ашпай, бір керек бек қиын уақытта ашыңыз, егерде жай уақытта ашсаңыз, өзіңізге зиян келтіреді»,—деп.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Гүл – Санобар

Ертеде араб елінде бір араб бай өтіпті. Аты Рашид екен. Рашид байдың үш ұлы болыпты. Үлкен ұлының аты Спандияр, ортаншы ұлының аты Алдияр, ең кіші ұлының аты Махамбет болыпты.

Бір күні Рашид бай үш ұлын шақырып алып: «Менің жасым болса келіп қалды, қартайған шағымда сендердің үйленіп, әйел алғандарыңды көрейін. Сендер үйленіңдер»,—депті. Бұған екі үлкен ұлы Спандияр мен Алдияр келіседі. Ал, ең кіші ұлы Махамбет келісім бермейді. «Мен әлі жаспын, әйел алмаймын»,—деп уәж айтады.

Оған әкесі көнбейді. Ақыры зорлап үйлендіретін болады. Әкесінің көнбейтініне көзі жеткен Махамбет «мейлі, сіздің айтқаныңыз болсын» дейді. Сонда әкесі: «қай байдың қызын аласың?»—дейді. Ал Махамбет әкесіне айтады: «Мен садақ тартамын, садақтың оғы кімнің үйінің есігінің алдында, иә болмаса, төбесінде жатса, сол үйдің ішінде қыз болса да, кемпір болса да, ең арғысы маймыл болса да аламын»,—деп, шарт қояды. Бұған әкесі келіседі. Махамбет аспанға қаратып садақты тартып қалады. Сонымен садақтың оғы аспанға зырқырап ұшып кетеді.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Асан батыр

Баяғыда бір Естеміс деген шалдың үш баласы болыпты. Ең кішісі Асан. Асан жас кезінен бастап-ақ көзге көріне берген.

Естеміс бір күні Асанға: «Ал, балам, менің өлер алдындағы өсиетімді тыңда. Сен, осы күндердің өзінен бастап-ақ өз күшіңе сиынып, кім болса сонымен керісіп жүресің. Одан аулақ бол»,—деген екен.

Күні жетіп өліп кеткен Естемістен қалған үш баласы өздері күн көру тәсілін ойлаған. Бір күні аңшылықпен айналысып жүрген Асанның алдынан үш атты кісі шыға келеді де, Асанға дүрсе қоя береді. Асан үшеуіне де тойтарыс беріп аттарын, құралдарын тартып алып, өздерін өлтіреді. Сол ауылдың ханының үш қызы болады. Хан қызын ұзатуға кісі шақырады да: «Осы қыздарымды дәу қара тасты қақ жарған кісіге беремін»,—деген. Кезек күткен жігіттер жара алмай, ақырғы кезек Асанға келеді. Асан ханның шартын мүлтіксіз орындайды. Бірақ хан оңай бергісі келмейді. Қанша Асанды бәлеге жұмсағанмен Асан одан қорықпай тірі келіп, әрі айтқанын түгел орындайды. Амалы құрыған хан қыздарын оған береді. Асан ағаларына екеуін беріп, өзі кіші қызды алады.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Әуезханның қырық ұлы

Баяғыда Әуезхан деген хан болыпты. Ханның қырық баласы бар екен. «Осы балаларыма бір жерден қалың берсем екен»,—деп
ойлайды екен.

Бірнеше жылдар өткеннен кейін хан бір байдың қырық қызы бар деп естиді. Соған қалыңмалына сөйлесіп, құда түсіп келуге жаушы жіберіпті. Жаушы барып: «Бізді хан жіберді. Балаларына қызын берсін деп,—соған келдік»,—дейді. Бай айтты:

—Қыздарыма қалыңмал алмаймын, менің үйімнен өздерінің үйіне шейін тұп-тура жол болсын, жолдың екі жағына бау-ағаш, түбінен су шығып, бұлбұлдар сайрап тұрсын,—депті. Осы айтқандарымды «бір жылдың беделінде бітіресің»,—депті.

Бұл сөзін жаушылар ханға айтып келіпті. Хан мақұл деп, қырық баласын шақырып алып, ең кенжесін алып қалып, отыз тоғыз баласын бірнеше нөкерімен әлгі жұмысты бітіріп келуге жіберіпті. Балалары бірнеше ай жүріп, бітіре алмай келеді. Онан кейін үйде қалған кенже баласы:

—Әке, мені жібер, мен бітіріп келейін!—дейді.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Жылан қабықты жігіт

Баяғыда бір кедей шал менен кемпір болған. Қолында мал дегеннен жалғыз есегі бар екен. Қалаға отын сатып күн көреді екен. Шал менен кемпірдің жасы алпысқа келгенше бір перзентке зар болып, күні-түні жылап жүргенде шалдың кемпірі жерік болыпты. Ол кемпір жерігенде айдаһардың құйрық жағындағы бір бөлек етіне жеріпті. Соны шалы іздеп жүрсе, бір үлкен, Қаратаудың етегінде бұрқыраған шаңды көріпті. Шал шаңға жақындаса, бір қара айдаһар мен бір сары айдаһар төбелесіп жатыр екен. Баяғы алыстан көрінген бұрқыраған шаң сол екі айдаһардың алысқан шаңы болып шықты. Көп ұзамай-ақ қара айдаһар сары айдаһарды өлтіріпті. Шал жасырынып тұрып қара айдаһар ұзап кеткесін өлген сары айдаһардың сан етінен кесіп алып үйіне келсе, кемпірі жерік асы табылмаған соң қатты ауырып жатыр екен. Шал келіп: «Ау, кемпір, сүйінші бер! Жерік асың табылды!»—депті. Аңсап жатқан кемпір орнынан ұшып тұрып, шалдың әкелген етінен шикілей екі рет аузы толғанша жепті. Жерігі қанып кемпір тоғыз ай, тоғыз күнде аман-есен босанған екен. Бірақ бала жыланға ұқсаған екен дейді. Кемпір-шал не де болса ішінен шыққан соң асырай беріпті. Қазақтағы «іштен шыққан шұбар жыланды беліңе үш орап таста» деген нақыл содан қалыпты. Бала тек жыландай иретіліп жатқаны болмаса, сөйлеген сөзі, ақылы адамнан айырмасы болмаған. Бір күні баласы әкесін қасына шақырып алып: «Әке, менің үйленетін уақытым болды. Маған осы елдің ханы Бабаханның жұрттан асқан сұлу қызы бар, соны әпер»,—дейді.....
Ертегілер
Толық