Өткенін білмеген ұрпақтың келешегі болмайды

Еліміздің өткеніне көз салсам, әрине, жүрегім қынжылады. Сонау қиын шақтарды басынан өткізген халқымыз тәуелсіздік үшін қасықтай қаны қалғанша күрескен, жастайынан өмірі қиылған жастарымыз есіме түседі. Бүгінде Қазақ елі егеменді ел болды. Бодандықтан босану мен Тәуелсіздік біздің елге оңай келген жоқ. Осы жолда халқымыз өзінің батырлығы мен қайсарлығын, батылдығы мен ержүректілігін көрсетті. Елі, жері, тәуелсіздігі үшін жандарын ғана емес, абыройы мен жанұясын да, сүйікті жары мен бауыр еті балаларын да, өмір сыйлаған ата-аналарын да құрбан етті.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымыз: «Сендер бақыттысыңдар. Біз кезінде қазақтың болашағы мен еркіндігі үшін күресіп, қиянаттың құрбаны болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш арыстарының туындыларын оқыған жоқпыз. Қазақтың бетке ұстар азаматтарының тамаша-тамаша шығармаларын бізден жасырып, оларды ұлтшылдар деп қаралап келген еді. Сонда біз көп нәрседен мақрұм болғанымызды кеш түсіндік. Ал сендер осы аталарыңның өлеңдерімен ұлғайып, әңгімелерімен сусындап жүрсіңдер»,-деген сөзі бізді ерте есейтіп жібергендей болды.
Иә, біз осы аталарымыздың ерлігі мен еңбегінің құдіретін сезініп келе жатқанымызға қуаныштымыз. Іргесі сөгілмейтіндей етіп 15 республикадан құралған КСРО мемлекетінің ыдырауына Қазақстанда 1986 жылы желтоқсан айында болған жастардың көтерілісінің әсер еткені ме деген ойға барамын. 70 жылдай өз айтқанын істетіп, өз дегенімен жүргізген кеңес өкіметіне деген қарсылықты қазақ жастары жүрегінің қалауымен, қайсарлықтың рухымен көрсете білді. Себебі, өз ұлтын құрметтейтін, өз елін сүйетін жандар ғана мұндай ерлік жасай алатын еді. Өкініштісі, олардың ерлігі сол кезде қолдау таппай, талай жас оқу орнынан шығарылып, талай қыршын құрбандыққа шалынды. Олар сол кезде өлім үшін емес, өмір үшін күресіп, қазіргі әнұранымызға айналған әнді бірлесе жүріп орындаған екен. ....
Шығармалар
Толық