Тоқаш Бердияров | Тыным


Намазбай ақсақал жұқа қара шапанын желең жамылып, тұмсығы үшкір резинке кебісін сүйретіп, аяғын сылти басып үйден шықты. Аула ішіндегі тәртіпсіздікті көріп, табан арасында бұрқан-талқан болды.

— Жоламан!— деп айқай салды.

— Ата, мен мұндамын,— деген дауыс шықты кеше жақтан.

— О, ойының осылғыр жүгермек, кел мұнда!

Со замат қысық көз, ақсары бала жетіп келді. Ашуға булыққан шал қаһарлана түсті. Қарашығы сөніп бара жатқан шоқтай, бозамықтанған нұрсыз, сөлсіз, қатыгез көздері ақилаңа шығып барады. Селдір сақалы дір-дір етеді.

О, найсап! Қораның ішін кім сыпырады? Бастырманың астым кім тазалайды? Ешкілерің қайда жайылып жүр? Сиырды неге арқандамайсың? Есек неге суарылмаған? Құманда неге жылы су жоқ?

Накеңнің тұңғышы — Еламан майданға кеткен. Міне, екінші жыл — хабар-ошарсыз. Ол туралы жұрт әртүрлі қауесет айтады. Бірі: «Сорлыны мектепке оқытпай ұрып соғып, өз шаруасын істетуші еді, қайтсін, басы айналып, милау боп қалған ғой. Есі ауысып, үйінің адресін де ұмытқан болар».

Расында, Намазбай шал өте қатал адам. Оның өмірге көзқарасы да айрықша. «Өзім жесем екен, ішсем екен» деген қағида бойынша өмір сүреді. Мәңгі бақи өлмейтін адам сияқты қырық жылдық, елу жылдық астық қорын жинайды. Отын-суын дайындайды. Малдың жем-шөбіне дейін әзірлеп қояды. Пақсалап соғылған аласа үйдің тамбасындағы мая-мая пішендер, тау-тау үйінді жоңыршқалар соның айғағы. Осыдан он жыл бұрын мал қораның үстіне жиналған жүгеріпая, қозапая һәм жантақ мүлде көкшілденіп, қарайып шіріп кеткен. Бір жылы қыс қатты болып, көрші-қолаңның малдары, тіпті колхоздың қора-қора қойлары жем-шөпсіз қалғанда да қол ұшын бермеген бұл Намазбай шал. Сондықтан, ауылдастары оны — «Саран шал» деп атайды. Накеңнің малқорлыққа, дүниеқорлыққа берілгені сонша, жымысқы іс істеп жіберуден де тайынбайды. Делделшілік, алып-сатарлық, саудагерлік — өзінің ежелгі үйреншікті кәсібі. Қыстан әзер шыққан тайынша-тананы арзан бағамен сатып алып, жаз бойы бағып-қағады да, семірген соң күзге салым жұмабазарға қарай айдайды... Сөйтіп, пішендей көкала ақша былғары әмиянға сүңгиді. .....
Әңгімелер
Толық