Сайын Мұратбеков | Жеңеше
Біздің колхоздың бойдақ малы Аяққұмды қыстайды. Бұл - ауыл орталығынан жүз елу километрдей қашықта жатқан құмды өңір. Бірақ құм дегенге тақырайған шағыл құмдар емес, сексеуіл, жүзген, еркек шөп өскен біркелкі құба жалдар. Жазға салым қоңыр бұйра мүк басқанда осы жалдар,- күншуақтап бұйыққан жас қозыларға ұқсайды. Ертелі-кеш үстінен сағым аққанда білдірмей, ақырын ғана нәзік дем шығарып, қозғалып жатқандай болады. Ал қысқа қарай жалдар үстін аттың шашасынан ғана келер жұқа қар жапқан кезде, биікке шығып, төңірекке көз жіберсең; қаздың жұмыртқасын сығылыстыра тізіп қойғандай көрінеді. Осы жалдардың арқасына біздің колхоздың бойдақ мал отарлары шашырай қоныстайды, қаһарлы қысты у-шусыз қалтарыста өткереді.
Құм арасында жолаушылар адасқақ келеді. Сондықтан әр қыстаудың іргесіндегі биігірек жалдың үстіне, ескі киім кигізілген ұзын сырықтан қарауыл қойылады. Жер жайын, жол жайын білетіндер алыстын-ақ әрбір қарауылды нұсқап тұрып: «Анау пәленше қыстау, анау түгенше қыстау...» деп шұбырта соғады. Әр қыстаудың белгілі бір аты бар. Мысалы, біздің қыстау Жылыбұлақ деп аталады.....
Әңгімелер