Мұхтар Әуезов | Оқыған азамат

I

Суық қыстың орта кезі. Күн түске тақап қалған. Аспанда бұлт жоқ, ашық. Жарығы көз тайдыратын нұрлы күн бүгін жазғы түріне түскендей болып өзгеше жарқырап тұрса да, ызғарлы қар, суық ауа қызуын жоғалтып, жарығына жансыздықтың табын басып тұрғандай.

Жер қарлы. Үш-төрт күннен бері қарай айықпаған шыңылтыр аяз бүгін де сықырлап білініп тұр. Күншығыстан соққан баяу жел суықтың көрігіндей болып, ызғарды көбейте түсті. Кейде сүйкеп өткен салқыны бетті шымырлатып, денені тоңазытады.

Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ киімін даламен бірге жамылып, жабайы табиғаттың жайлы күйін күйлегендей.

Бар үйдің төбесін күпсек қар аппақ болып басып алған. Кейбір кішкене үйлерді, көп қоймаларды қалың қар жал секілденіп басыпты. Көшенің қары жүргіншілердің табанымен тапталып ысқаяқтанған. Басқан сайын шыныланып сықырлап, кейде шатынағандай болып шытырлайды.

Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты. Ретпен салынған сұлу қала емес. Орта жері болмаса, шеттерінде тәртіп жоқ. Оның үстіне шет шетіне шашыратып салған қазақтың жер үйлері тәртіпке ұқсаған сиықтың бәрін бұзып, қаланың шеттерін түйенің жыртылған ескі жабуындай жалба-жұлба қылып ыдыратып, тоздырып тұр. .....
Әңгімелер
Толық