Бейімбет Майлин | Құла жорға


— Ойбай орыс келді, солдат келді!— деп Ерғалидың кішкене балалары үйге апалақтап кірді.

Үйде Ерғали пешке арқасын сүйеп, бәйбішесінің жыртылған мәсісін бастап отыр еді. Бәйбішесі Дәметкен қолында ұршығы, төрде шынтақтап жатқан Жамақ деген қайнысымен сөйлесіп отыр еді. Ерғали тігінін, бәйбіше ұршығын, Жамақ әңгімесін қойып, балалардан бетер бұлар да үрпиісе бастады. Лапаста жатқан мойнақ, орыс көргенде, үретін дауысына салып, арсылдап даланы басына көтерді.

— Құдай-ай, өзің сақтай гөр! Жылдың өзі ауыр. Орыс орманда көбейіп кетті. Қылышын сүйретіп үйге кіріп келгенде, осы зәре құтым қалмайды!— деп Дәметкен күрсінді.

— Кім қорықпайды дейсің, мазаны кетіріп-ақ тұр ғой,— деп Жамақ шыға қашуға ыңғайланған адамша тізерленіп алды.

Ерғали қорқақ адам еді, көзі адырайып кетті. Қолындағы былғарысын біресе киіздің астына, біресе қобдына салды. Солдаттың көзіне ілінсе, жамаулық кішкене былғарыны алып кететіндей көрді. Бұдан бір күн бұрын келген солдат көзіне елестеді. Көрші поселкедегі большевиктерді ұстай келген отрядтың адамы екен. Басында қазақтың тымағы, аяғында жаңа былғарыдан тіккен жарма қоныш, сатиянды етік. Киіміне қарап қазақ бола ма деп жанына жетіп барғанда, орыс екенін бір-ақ білген. "Сенікі бәлшебек бар",— деп бүркіттей түйілгенде, Ерғали жанын қайда қоярға білмей сасқан. Ол кездегі үкіметке болшевиктің жексұрын екендігін сезетін еді. Сондықтан өзімді большевик деп тұр ма деп үрейленіп, солдатты жалынып үйіне кіргізген жерінде баласының болыскей ер-тоқымын көріп қалып, солдат қолтыққа қысады. Алма дейтін Ерғалида дәрмен бар ма? Бармақты тістеп қала берді. Ер-тоқымды еңгеріп алып, қоқиланып шауып бара жатқан солдаттың әбден қарасы үзілген соң барып, зығыры қайнап кетіп: "Сол кеткеннен келме, жолыңа жуа бітсін!"— деп Дәметкен бәйбіше қарғап еді. Одан артық қылар дәрмендесі жоқ еді. .....
Әңгімелер
Толық