Бейімбет Майлин | Талтаңбайдың тәртібі
Үш перделі, төрт суретті драма
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Шапшаңбай – басқарма ағасы.
Күнжан – оның әйелі.
Сүндет – есепші (счетовод).
Парыз – өтірік «белсенді».
Жанбол – колхозшы (партизан)
Бәкен – колхозшы.
Ақсүйрік– оның әйелі.
Қамза – комсомол ұясының бұрынғы хатшысы, мұғалім.
Жұпар – соңғы хатшы.
Xайдар – комсомол.
Өтеміс – комсомол.
Қарғабай – колхозшы, жас бала жігіт.
Дәурен – колхозшы.
Талтаңбаев – өкіл.
Жақсылық–райкомның жаңа хатшысы.
БІРІНІШ ПЕРДЕ
БІРІНШІСУРЕТ
Екі есік: бірі бірінші бөлмеде, екіншісі тысқа шығады, ұзын үстел, орындықтар. Үстел үсті бұрқыраған қағаз. Бұрышта шкаф. Есік жақ шашылған түрлі ыдыстар. Үстел, орындықтардың арқалықтарына баланың жаялықтары жайылған. Шымылдық ашылған кезде Сүндет үстелге төсін тірей, шот қағумен отыр.
Сүндет (ашулы). Ал, құдай атты да қалды: бір шыққан емес есебім. Маған керек сан мың төрт жүз отыз, былай салсам да жетпейді оған, олай салсам да...
Күнжан (көрші бөлмеден басын шығарып). Сенбісің салып жатқан? Сонша даурығып... Баламды шошыттың.
Сүндет (күлімсіреп). Менен бе?
Күнжан. Дауысыңнан.
Сүндет. Айналсам-ау қасыңнан... (Есікке жүре берем дегенде.)
Күнжан (безеріп). Қой, қой... Масқара-ау, тапа-тал түсте... (Сүндет тұрып қалады.) Осы елдің жігіті қызық, өй... Басқа елде де болып көрдік қой... (Сүндет томсарып, есебіне шұғылады. Күнжан күлімсірей түсіп.) Дүкенге бардың ба, әй?
Сүндет. Бардым.
Күнжан. Бәтеңке келіп пе?
Сүндет (салқын). Келіпті.
Күнжан (елең етіп, жақындай түседі). Келіпті дейсің бе, ей? Түсі қандай? Тұмсығы қандай, жайпақ па, сүйір ме?.. (Үстелге сүйеніп, күлімсірей қарап.) Уәдең есінде ме?
Сүндет. Мына есебімді ұмытсам да, оны ұмытпаспын. Сенесің бе, мына шотты қағып отырғанда соның әрбір тасы сен болып күлімсірейді маған. Сенесің бе?.. (Елеуреп ұмтылам дегенде, Күнжан ыршып есікке барады. Сүндет үстелдегі қағазын шашып алады.)
Күнжан. Бетім-ай, осы елдің жігіті қызық, тал түсте... Басқа елдің жігіті бүйтпейді. Қарабас елінде тұрдық қой, сонда бір шотавот болды.
Сүндет. Тап мендей ғой, ә? .....
Әңгімелер