Антон Чехов | Қасірет

Бүкіл Галчино облысындағы әйгілі ісмер, сонымен бірге барып тұрған қияңқы мұжық деген атағы ертеден мәлім токарь Григорий Петров өзінің ауру кемпірін земстволық ауруханаға әкеле жатыр. Екі ара отыз шақырымдай жер, ал жол дегенің сұмдық жаман, одан Григорий ұста сияқты жатыпішер көр жалқау түгіл, қазынаның пошта тасушысы да жүре алар емес. Ызғырық, суық жел қарсыдан тура бетке ұрып тұр. Қай жағына қарасаң да ауада құтырынған ақтүтек боран құйындай ұйытқып соғады? Қардың аспаннан жауып тұрғанын, әлде жерден борап тұрғаның адам біліп болар емес. Тұмандай торлаған қарлы бораннан айналадағы маңай да, жол бойындағы телеграф бағандары да, орман да көрінбейді, жел ұйтқып кеп Григорийге түтеп бір соққанда, тіпті аттың доғасы да көрінбей кетеді. Титығы құрыған көтерем бие аяғын әрең басады. Қалың күртікке қайта-қайта малтығып, басын шұлғи шірене тартумен әбден болдырған. Ұста асығып келеді. Шананың алдыңғы тұғырында қопаң-қопаң етіп, аттың сауырынан қайта-қайта шықпыртып қояды.

— Сен, Матрена, жылай берме... - деп күбірлейді ол. Азырақ шыдай тұр. Құдай бұйыртса, ауруханаға да жетеміз, сонсоң сенің мұның қас қаққанша - ақ әлгі нетіп... Павел Иваныч саған дәрі ішкізеді немесе қан құйдыра ма әлде батшағар иең спиртпен ысқылата ма әлі, кім білсін, сонсоң ол нетіп, бүйіріңнің ауырғанын тура жұлып алады. .....
Әңгімелер
Толық