Антон Чехов | Дұшпандар
Сағат онға қараған қыркүйектің бейуақ кешінде земстволық дәрігер Кириловтың алты жасар жалғыз ұлы Андрей жұқпалы тамақ дертінен қайтыс болды. Дәрігердің әйелі жаңа ғана көз жұмған сәбидің төсегі алдында тізе бүгіп, дәрмені құрып, талықси берген кезде ауыз үйден қоңырау шыр ете түсті. Қауіпті аурудан қорқып, барлық жалшы біткен таңертең - ақ үйден аласталды. Кирилов бешпетсіз, желеткесі желбегей, карболка күйдірген қолы мен тер сорғалаған бетін сүртпестен есікті өзі барып ашты. Ауыз үй тастай қараңғы еді, үйге кірген кісінің тек орта бойлы, ақ бөкебайлы, боп-боз, жалпақ бетті жан екенін ғана байқайсың, шүберектей бозарған адамның ішке енгені сол, ауыз үй жап-жарық боп кеткендей...
— Дәрігер үйде ме екен?.. — деді кірген кісі аптыға сөйлеп.
— Үйдемін! — деді Кирилов, — нендей шаруаңыз бар еді?
— А, бұл сіз бе? Өте қуаныштымын! - деді кірген адам қуанып, қараңғыда сипаланып, дәрігердің қолын алып, қатты қысты. — Тіпті... өте қуаныштымын! Біз бұрыннан таныспыз ғой!.. Мен — Абогинмін... Жаздыгүні Гнучевтікінде өзіңізбен бірге болып, бір жасап қалып ем. Сізді үйден тапқаным қандай жақсы болды... Құдай үшін, қазір менімен бірге жүрсеңіз деймін... Әйелім қатты сырқаттанып қалды... Көлігім де дайын...
Үйге кірген кісінің дауысынан да, жүріс-тұрысынан да әбден абыржығандық байқалады. Тап бір өрттен, әлде құтырған иттен шошынған ба дейсің, ентігіп әрең демалып, даусы дірілдеп, сөзінде пәтуа жоқ, бала құсап былдырлап кетті. Есі шығып, үрейі ұшқан адам секілді, бұл да сөзінің аяғын жұтып, бұзып-жарып сөйлейді, келген шаруасына қатысы жоқ қайдағыны айтып сандырақтап тұр. .....
Әңгімелер