Антон Чехов | Анықтама


Түс кезі. Бойшаң келген, сом денелі, тақыр басты, бадырақ көз Волдырев дейтін алпауыт пальтосын шешіп, маңдайының терін жібек орамалымен сүртті де, мекемеге имене, батылсыздау кірді. Ондағылардың бәрі де сырғытып қағаз жазып жатыр екен.

— Бір жұмыстың жайын кімнен білуіме болар екен? - деді ол подностағы стақандарды көтеріп төр жақтан келе жатқан швейцарға. - Осында бір істің жайын біліп, журналдан қаулының көшірмесін алуым керек еді.

— Былай қарай. Сонау, терезенің алдында отырған адамға барыңыз! - Швейцар қолындағы подносымен терезе жақты нұсқады.

Волдырев тамағын бір кенеп алып, терезеге қарай беттеді. Ол жерде, бояу сүзек ауруының белгісі сияқтанып теңбілденген жасыл үстелдің жанында, басында төрт тұлым шашы бар, солпиған ұзын мұрынын безеу басқан, үстінде көнетоз мундирі бар бір жас жігіт отыр екен. Сорайған тұмсығын қағазға тірей үңіліп жазып отыр. Оң жақ танауын маңайлап бір қара шыбын айналшықтап кетпей жүр, соны қуғысы келіп әлсін-әлі астыңғы ерінін бір жағына қарай қисайта шығарып танауына үріп қояды, мұнысы оған аса бір шұғыл жұмыспен отырған түр береді.

— Осында... сізден бір жұмыстың анығын білуіме болар ма екен? - деді Волдырев қасына барып, - Мен Волдыревпін... Сонымен қатар, журналдан екінші наурыздағы қаулының көшірмесін де алуым керек еді.

Чиновник қаламын сияға батырып алды да, коп малынып кеткен жоқ па дегендей, қаламының ұшына қарады. Сия тамып кетпейтініне көзі жеткен соң қайта сырғытып жаза жөнелді. Ернін тағы да шығара түсіп еді, бірақ енді үрлеудің керегі болмай қалды, өйткені шыбын оның құлағына барып қонған болатын.

— Осында бір істің анығын білуіме болар ма екен? - деді тағы да Волдырев бір минуттан кейін. - Мен Волдырев болам, жер иесі...

— Иван Алексеевич! - деді чиновник бейне алдында Волдырев тұрмағандай, бет алды дауыстай сөйлеп, - Ялыков көпес келсе айта салшы, арызының көшірмесін полицияға куәландырсын! Мың мәртебе айтқанмын өзіне!

— Мен княгиня Гугулинаның мұрагерлерімен дауым туралы келіп едім, - деді Волдырев міңгірлеп. - Өзіңізге белгілі жұмыс қой. Менің сөзіме құлақ салуыңызды қатты өтінер едім. .....
Әңгімелер
Толық