Ақындығымның арқасында әскерде абыройлы болдым

Киелі Ертіс-Баян өңірінің табиғаты қаншалықты сұлу болса, осы елде өсіп-өнген ақындары да соншалықты сырлы болып келеді. Баянтау баурайындағы қарапайым малшылар отбасында өмірге келіп, туа біткен табиғи талантымен әдебиет әлемінен өзінің орнын тапқан ақын, журналист, сатирик Сүлеймен Баязитовтің есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Оның журналистік жолдағы еңбегі алғаш Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде басталды.

Одан соң облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде қызмет істеп, кейін ұстаздық жолға түскен. «Жасыбай батыр», «Хан ием», «Құдіреті күшті бір Алла» сынды он шақты кітаптың авторы. Сонымен қоса, үстіміздегі жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының бірлескен жобасы – республикалық «Балауса» жыр мүшәйрасының үшінші орын иегері. Ақын ағамыз биыл асқаралы 70 жасқа толып, ұрпағының қызығын көріп отыр. Осыған орай жерлес жазушымен жүздесіп, сұхбаттасып қайтқан едік.

- Ассалаумағалейкум, Сүлеймен аға! Алдымен балалық шағыңызға бір сәт саяхат жасасақ?

- Мен 1944 жылы Баянауыл ауданына қарасты Ж.Шанин атындағы елді мекенде колхоздың малшысы Баязит ақсақалдың отбасында өмірге келіппін. Мен туғанда қар аралас жаңбыр жауып, тас балағанның төбесінен су ағып тұрыпты. Ол кезде қойшылар қандай жөні дұрыс үйде тұрды дейсің? Әйтеуір баспана деген аты болмаса...

Ал балалық шағың қалай өтті дейтін болсаң, өмірдің соқпағына ерте түстім, кішкентайымнан қара шаруаға жегіліп өстім. Өзім өмірге келген жердегі жеті жылдық мектепті тәмамдадым. Мектеп бітірген соң біраз уақыт қой бағып, сиыр өсіріп, малшыларға көмекші болдым. Бұл сол тұстағы кез келген баланың өмірінен өтетін үлкен сындардың бірі еді. Сол арқылы көндігіп, өмірдің сырын ұқтық, қиындыққа төзуді үйрендік. .....
Әңгімелер
Толық