Тоқаш Бердияров | Экспертиза
Заң институтының студенті Әкімбаев Ешназар қалалық асханалардың бірінде тамақтанып отыр. Жұмыс басты боп жүріп, ашығыңқырап қалған ол, майлы, ыстық борщтың екі-үш қасығын үстін-үстін қылғытып салды. Жылт-жылт еткен шұжық, сана жапырағы, қуырылған пияз тарелке бетінде жүзіп жүр. Жылп-жылп еткен қасық та бұлжытпай өз қызметін атқаруда. Егер, қарныңыз аш болып, бұл көрініске сырттай қарап тұрсаңыз, еріксіз тамсанар едіңіз. Тамақтанушының асқа деген ынтасы ғажап! Борщ дәмді-ақ!
Сол-сол-ақ екен, кенет Ешназардың астыңғы ерні дүрдиіп, мұрны тыржиып, бадырақ көзі біртін-біртін жұмыла бастады.
Жұтқыншағы бүлкілдеп, лоқсып-лоқсып жіберді пақыр. Ол даяшы қыздан асхана меңгерушісін шақыруды өтінді.
Мықындары бұлтылдап, иығынан дем алған зор денелі сары әйел жапа шеккен студент жігіттің қасына жетіп келді. Ешназарды жақтырмағандай оған кекшие қарады ол.
— Асхана меңгерушісі мен. Шаруаңызды айтыңыз!
— Сіздерде қара қасты, ұзын кірпікті, қараторы келіншек жұмыс істей ме?
—Иә, істейді. Аты — Катя... Оны қайдан білдіңіз?— деп, әлгі меңгеруші әйел жуан, торсиған саусақтарын сүбесіне апарды. Саусақтары былқылдақ бөксеге жартылай батып кетті.
— Оны мынадан білдім,— деп студент жігіт қасық ернеуіндегі қыл-қыбырды көрсетті.
— Жігітім, біз асқа қой етін саламыз. Қой болған соң, әрине, онда жүн де болады. Қанша тазалап жусаң да, бірен-саран жүн-жұрқасы кетеді емес пе? .....
Әңгімелер