Мұхтар Әуезов | Кінәмшіл бойжеткен


Май айының іші. Гүбірнелік қаланың бақшасы мейрам күніне күндізден әзірленген. Күн батуға тақағаннан бері қарай, қаланың қызықты көксеген жастары әлденеше көңілді топ болып, күлісіп-әзілдесіп келіп, бақшаға кіріп жатқан. Бүгін күн ыстық болған. Сондықтан мынау бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана тербете соққанда, денені тез көтеріп, сергіткендей болушы еді.

Мейрам күннің түс мезгілінен бері қарай, бақшаға барамыз деп әзірленген бозбала мен әйелдер күн батардан-ақ бөлек-бөлек жайраңдаған топ болып, үзілместен келіп жатыр. Қала халқына көптен белгілі болған бақша оркестрі күндізден құтырып ойнап, дәмелі жастың көңіліне қозғау салып шақырып тұрған.

Құмы мен шаңы көп ыстық қалада майдың қоңыр салқын кеші кішкене сұлу бақшаның ішіне жанар оты сөнбеген жастарды еркін демалысқа, түстей сұлу сезімге шақырып, күтіп тұрғандай. Бақшаның сәнді шұбар тобы көрініске шыққан сахна сұлуларындай болып, неше алуан тілімен былдырлап, желікті күлкі, сезімді қалжыңмен оркестр күйінің ішінде толқынып, бұралып өтіп жатты. Күн батып, қас қараюға айналған кезде бақша мезгіл сайын жанданып, ыстық лепті тіршілік қызуымен ажарланып келе жатқан. Бақша, тіршілік күнінше, жылытатын ұяша талай меңіреу ойды да оятып сергіткендей.

Кейбір шеткі аллей ұзақ қоңыр, қараңғы болып келіп, қараңғы түн сырымен қосылып, ыстық демалыс, үзілген жүрек күйін ескерткендей болатын. Екі жақтағы қараңғы қалың тоғай ішінде тұңғиық қара көзді түн сыры оркестрдің сезімді күйіне тіл қосқандай. Қалқып тұрып иек қағып, жұмсақ жел сілкінткен жапырақтарын тілші қылып, сол күймен сыбырласып сырласқандай болушы еді.

.....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Іздеп


Тікшелеу жасыл беткейдің орта тұсына келе бере Несіпбай аттан түсті. Айналаға көз салған жоқ. Әлдеқандай ой басқан күңгірт жүзі бүгін бірде-бір рет көтеріліп, мынау кең дүниеге қараған емес. Көзін ылғи төмен салып, жүзі де салбырап тұқыра береді.

Сол еңсесін көтермеген бетінде атының ауыздығын алды. Құйрығын тірсегінен келтіре шорт кескен күдіс торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, атқұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады. Несіпбай мұны шаужайлай түсіп, тапжылтпай отырып шылбырмен тұсау салды. Аздан соң тұрып сауырынан сол жақ алақанымен ақырын ұрып қалғанда, торы ат өрге қарай секіре басып өрлей берді. Тұсаумен секірген сайын ұзындау кекілі көтеріле түсіп, желп етіп, дөң басындағы әлдекімге торы аттың "здравствуйын" айта бара жатқан сияқтанады.

Ауыздық пен үзеңгі, тұрман шылдырлап барады. Несіпбай қырын тұрған бетінде сол жақ иығына, мойнын бұрып: "Ер-тоқымын бүлдірер ме екен", — деп ойлай түсіп, ұзап бара жатқан аттың соңына қарады. Баяу басатын сылбыр ой енді жиылып кеп бір байлау жасағанша ат ұзай берді. Несіпбай дағдылы шабандықпен біраз дағдарып тұрып қалса да ойын жеңген ол емес. Еш нәрсені абайламастан бетін қайта бұрып, енді ойға қарай аяндады. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Қыр әңгімелері

1. СЫБАННЫҢ МОЛАСЫНДА

Ел Көксеңгірдің күнгейінде. Жайлауда жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары суға келіп шығып, алды өріске кетіп бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар дүниені у-шу қылып мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі Жортар ақсақалмен әңгімелесіп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.

Оңтүстік жақ жазықта жапырлап отырған көп ауыл айналасында шұбыртып қыбырлап жүрген малдарымен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, көз қуантып тұр.

Көкжиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман көтерілген сайын, біздің көз алдымыздағы көрініс суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірі өзінің ең дырдулы шағын көзге көрсеткендей болды.

Даладағы мөлдір таза ауадан, сүйкімді суреттен көңілге белгісіз бір үміт кіргендей болады, қиял кезеді. Қөңілдің осы шағына не үйлесер еді деп ойлап келе жатқанда, көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол — қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді. Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын. Тыным-тыныштықты білмеген, барымта, соғыс десе — алағызып қолды-аяққа тұрмайтын қызулы жас болыпты. Жортар мықтылық, батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болды десетін. Бұл сипаттың бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып қартайған түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күннің көмескі түсі елестегендей еді. Сүйекті зор денесі апсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен маңғазданып, туыстағы ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей. Көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі тентек күндердің таңбасы сияқтанады. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Абайды тану

Абайдың өмірі мен еңбектері турасында айтылатын тексеру, зерттеудің алдындағы кіріспе сөздің ендігі бір бөлімін Абайды тану деген жайға арнаймыз.

Абайды тану жұмысы көлемді, сан сапалы, ғылымдық жолмен тек Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін, жалпы советтік социалистік мәдениетіміздің зама-нында ғана молайды.

Бірақ, бұл сөздерге қарап, революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды. Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тарағанын еске алу керек.

Бірінші жолы — баспа арқылы тарауы; екіншісі — халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі — қолжазба түрінде өр көлемді жинақтар боп, көшіріліп тарауы. Және осылайша ақын шығармаларының оқушы, тыңдаушы жұртшылыққа мәлім болуымен бірге, Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді де еске алуымыз керек.

Бұл соңғы айтылған жайлар, жоғарыдағы ескертуіміз бойынша, Абайдың революциядан бұрын қаншалық танылғанын аңғартатын деректер болады.

Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқайық. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Абайдың жас шағындағы шығармалары


Ақын Абайдың шығармаларын барлық түгел бойында тексеріп, зерттеп шығудың бұл кітаптағы тәртібі (системасы) бүгінге шейін Абайды тану ретінде жазылған тексеру, сындардан әдіс жағында басқарақ болады. Ол басқашалық — орыс классиктерін тексеретін әдебиет тарихы ғылымының әдісіне байланысты.

Горький, Маяковский сияқты советтік социалистік әдебиеттің үлкен жазушыларын барлық жазушылық, ақындық жолымен түгел зерттеуде, біздің социалистік әдебиет тарихымыз қолданатын система, әдіс те сол бұрынғы орыс классиктерін зерттеудегі рет, тәртіп бойынша құрылады.

Нақтылап айтқанда, бұл әдістің өзгешелігі, ақын шығармаларын жазылған жылдары бойынша топтайды. Абайдың толық жинақтарын хронологиялық ретімен бастырға-нымыз сияқты, ақындық жолын да ең алғашқы өлеңдерінен бастап, жылма-жыл өсіп, даму ретімен тексеретін боламыз. Жылы аталған өлеңдердің алғашқы топтарынан бастап, ақын өмірінің соңғы жылдарында туған шығармаларына қарай ауысамыз. Ақындық эволюциясын, жазушылық жолын біртіндеп, кезегімен тексереміз.

Әрине, бұл қатардан оқшауырақ тұратын, жылдары белгісіз бірнеше өлеңдер бар. Ол топтың жайындағы сөз қосымша ретінде кейін қосылатын болады. Жеке жанрлық өзгешелігі бар шығармаларды да бөлек-бөлек тексереміз.

Абайдан қалған ақындық мұраның молы — ұсақ үлгідегі қысқа формалы өлеңдер болғандықтан, жаңағы айтылған тексеру, зерттеу әдісін әуелі осы лирика түрлеріне айрық-ша қолданып өтеміз. Бұл шығармалардан жанры басқа болғандықтан, Абайдың поэмаларын, аудармаларын және қара сөздерін бөлек-бөлек қарастырамыз. .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Ел поэмалары Қозы Көрпеш Баян


Қазіргі жиналған ел әдебиетінің ішінде қазақ жұртының ел поэмасына қосылатын екі үлкен әңгіме, 5 өлең бар. Біреуі – "Қозы Көрпеш – Баян", екіншісі – "Қыз Жібек". Ел поэмасы деп қандай түрдегі әңгімелі өлеңді айтатынымызды осы екеуінің мағынасы мен үлгісін қарастырған уақытта анықтап айтпақшымыз. Сондықтан, қазір жалпы сөзді айтудың орнына сол екі әңгімені бас-басына қарастыруға кірісеміз. Әуелі қарастыратынымыз "Қозы Көрпеш – Баян".

"Қозы Көрпеш – Баянның" қысқаша әңгімесі

Ескерту: екі бай аты 1-Қарабай, 2-Сарыбай.

Бұрынғы өткен уақытта Балталы, Бағаналы деген елдің ішіне шеттен ауып келген Қарабай, Сарыбай деген екі бай келеді. Сарыбай келген жерден Балталының еліне үлкен мырзалық көрсетіп, қалың елдің бейілін алып, ханы есепті, қадірлі жақсысы болады. Қарабай тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, сараңдықпен құнсыз болып елге қадірі жоқ болады. Екеуінің жасы жетпіс пен сексенге келген кәрі. Бірақ балалары жоқ, зарлы. Бір күні екі бай елсіз тауда анда жүріп, кез келіседі, мұңдарын айтысады. Екеуінің де үйіндегі қатындары екі қабат екен. Құдай атын айтып дос болып, бірінен ұл, бірінен қыз туса, екеуін қоспақ болып ежеғабыл жасайды. Сол уәденің үстінде, Қарабай Сарыбайдан тілек етіп бір буаз маралды атқызады. Буаз аңның киесі атып, Сарыбай сол жерде өледі. Қарабай егіз лақ маралды алып, еліне қайтады......
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Жетім

Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті — қалың таудың іші. Күнбатыста алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қарабарқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бір сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгірт даланы әлде неге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, салбыраған шерлі күйді қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте болса да, сұлу тілді сүйгендей, іздегендей еді. Мәңгі мұңлы шермен үзіліп-үзіліп соққан желмен бірге жүректі ақырын-ақырын шымшығандай еді. Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән салқын түсті табиғат ортасында желікті қызықты еске түсірмей, ұлы бір сабырды еске түсіргендей. Ән салған жігіттер табиғатпен жалғасатын тіл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлатқан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кіріп келе жатты... Бұл мүйнетте адамның әні де алыста күркіреген күндей, үзіліп соққан бөктердің желіндей табиғаттың өзінен шыққан бір қуат сияқты еді. Бойды табиғат қуатындай болып тоңазытып, көңілді жүз толқытатын қуаты бар еді. Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты. .....
Әңгімелер
Толық