Әдебиет | ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ
Әлкей 1915 жылы Баянауылдағы үш кластық орыс мектебіне оқуға түсіп, орыс тілін үйреніп, әдебиет, есеп, тарих, жағрапия пәндерінен білім алып, мектепті 1918 жылу бітіріп шығады. Мектепте жақсы тәлім-тәрбие алған Әлкейдің өнер-білімге құштарлығы артып, үлкен қалаларға барып оқуды арман етеді.
1919-1920 жылдары Павлодар қаласындағы мұғалімдік курста оқып, мұғалім мамандығын алады да, содан соң 1920-1921 жылдары Баянауыл аудандық 1-ші дәрежелі екінші Далба мектебінде мұғалім болып қызмет істейді. 16 жастағы ауыл мұғалімі білімінің жеткіліксіздігін, толыспағынан сезіп, 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына түседі. Оған сол оқу орнына түсуге себепші болған академик Қаныш Сәтбаевтың ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев болғаны туралы мынадай мәлімет бар:
«1920 жылы Баянауыл ауданының Далба деген жеріндегі мектепте сабақ беріп жүрген Әлкейге Әбікей Зейінұлы Сәтбаев көңіл аударып, оған өзі ректор болып істейтін Семей техникумына келіп түсуі жөнінде ұсыныс жасайды. Әлекең бұл ұсынысты куанышпен қабылдайда да, 1921 жылы сол оқу орнына барып түседі. О заманда дала өлкесіндегі ең қадырменді болып саналатын осы техникумды 1925 жылы табысты түрде аяқтайды. Мұнда техникум қабырғасында сол 1921 жылы Әлекең әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұқтар Әуезовпен танысады. Мұқаңның өзі айтқанындай, Әлкей оған білмекке құмарлығымен, жастығына қарамастан гуманитарлық мәселедегі ой-өрісінің кеңдігімен қатты ұнайда да, оған бірден көңіл бөліп, қамқорлығына алады, біраз уақыттан кейін оны пәтеріне өзімен бірге тұруға шақырады /1, 32 бет/.
М.Әуезов Әлкейге техникумды бітірісімен оқуын жалғастырып, жоғары білім алуы керек екенін, Ленинградта оқуы керек екенін қайта-қайта айтады, оған Герцен атындағы пединститутке жолдама алып береді. Әлкей Мұқаңның айтқанын шын жүрегімен қуана қабылдап, 1925 жылы онымен бірге Ленинградқа аттанады да, Шығыс институтының түркология факультетіне түседі, мұнда оқумен бірге зерттеу жұмысымен де шұғылданады, шығармашылық үйірмелерге белсене қатысады. Әлкей бұл жерде де көзге түседі, көп үміт күттіретін жас ғалым ретінде, оған профессорлар назар аудара бастайды. ....