Балғабек Қыдырбекұлы | Көгендеулі бала


Бұзылған еркекке шара жоқ, Өрден Айтолқынның үстіне тоқал алмақ ойын ағайын-туғанына тегіс айтып құлақтандырды. Өсек-аяңнан Айтолқын мұндайдың бәрін күндегісін күнде естіп отырса да, Өрденге бір сөз демеді, түк естімегендей болды. Шыны керек, Өрденнің тоқал аламын дегенін ағайын-туғаннан құптаған ешкім болмады. Айтолқынға қояр кінәсі жоқ. Әдетте, көбіне-ақ қазақтар тоқал алуға алғашқы әйелінің бала таппауын себеп қылады. Ал Айтолқынға ондай кінә қойылмайды, өйткені одан туған бес ұл, екі қыз бәрі де Өрденнің аузынан түсіп қалғандай, бәрі де үріп ауызға салғандай. Ең болмаса біреу-екеуі Айтолқынға да тартпапты. Сонда да құдай бұзған Өрден жұлқынып болмады. Тіпті Өрденнің бірге туған ағасы Күпшек бай да інісінің тоқал алғанын жақтырмады.

— Тілімді алсаң қой. Айтолқынның көңіліне дық салма. Осы бір ауылда одан көңілі қалған бір адам жоқ, бүкіл ауылдың үлкен-кішісінің бәрінің көңілін тауып, үлкенін үлкендей, кішісін кішідей көріп, ырыс алды ынтымақ болса, бәрін дағы соған ғана бейімдеп, ақылмен байыптап отыратын адамның үстіне қатын алмас болар,— деп еді ағасы. Бірақ Өрден ағасына жабыса кетті:

— Өзің неге екі қатын алдың? Мен алдыңғы арбаның ізімен кететін болармын,— деп Өрден безірейіп болмады.

Күпшек аты жұп-жуан болып тұрғанымен, өзіне біраз дәулет біткенмен, денесіне артық ет бітпеген, сыптығырдай, бойы да, ойы да бар кісі еді. Ол түнеріп, ойлана отырып інісіне қайта тіл қатты:

— Мен әйел алсам байлығым тасыды деп алған жоқпын. Бәйбішеден бала болмады, бұл дүниеден ернім жібімей кете ме деп қорқып едім, құдайға шүкір, құдай тілегімді берді. Тоқалдан туған екі ұл көзімнің ағыменен қарасындай. Айтсам, саған сол екі қатын дегеннің пәле екенін білгендіктен де айтамын. «Екі қатын алыпсың, бір пәлеге қалыпсың», деп бабаларымыз бекер айтпаса керек, Үйіңнен ұрыс, маңдайыңнан құрыс кетпейді. Менің өмірім өмір ғой деп ойлаймысың. Менікі өмір емес, қызыл от. Қай күні сол үйге кірмесем бе екен деп те ойлаймын. Амал нешік, бармай тұрмайсың. Тілімді алсаң қой. Алмасаң, өзің білесің, мен бұдан былай бұл әңгімені қозғамаймын. Ағасы Өрденге жеткізіп те, таусылып та айтты және шынын айтты .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Әбігер

Жаңа ғана курс бітіріп шыққан жас институтқа Машенька Павлецкая, өзі гувернантка есебінде тұратын. Кушкиндердің үйіне серуеннен қайтып келгенде, тосын бір әбігердің үстінен шықты. Оған есік ашқан швейцар Михайло бір нәрсеге абыржығандай екі беті қып-қызыл екен.

Жоғарғы үйден шу естіледі.

"Сірә, бәйбішенің дерті ұстап қалған болар...- деп ойлады Машенька, - әлде күйеуімен ұрысты ма екен..."

Ауызғы үй мен дәлізде қызметші қыздарды жолықтырды. Бір қызметші қыз жылапты. Содан кейін Машенька өз бөлмесінен үй қожасы Николай Сергеичтің жүгіріп шыққанын көрді; бұл өзі шілтиген кішкентай, бірақ пәлендей мосқал болмаса да бет, төбесі жалтыраған кісі.

Қазір өңі қызарып кеткен. Беті - аузы жыпылықтап тұр... Гувернантканы байқамастан, қасынан өте шықты да, екі қолын жоғары көтеріп, налып барады:

— Ойпыр-ай, бұл неткен сұмдық! Неткен әдепсіздік! Неткен ақымақтық, айуандық! Оңбағандық!

Машенька өзінің бөлмесіне кіріп еді, дәулетті, бай ақсүйектерден нанын тауып жүрген тәуелді, көнбіс адамдарға соншалықты таныс сезімді өмірінде алғаш рет жанына осы арада сезінді. Бөлмесіне тінту жасалыпты. Үйдің бәйбішесі Федосья Васильевна, толық денелі, жауырынды, қалың қара қасты, жалаңбас, денесі сай - сай, тебіндеген түбіт мұрты бар, екі қолы қып-қызыл, кескін - кейпі мен жүріс-тұрысы қарапайым аспазшы қатынға ұқсаған әйел мұның үстелінің қасында түрегеп тұрып, қыздың боқшасына жүннің бір шүйкелерін, шүберек қиқымдарын, тағы бір қағаздарды қайтадан тығып жатыр екен... Сірә, ол гувернантка келіп қалар деп ойламаған болуы керек, себебі, бұған жалт қарап, қыздың сұп-сұр болып кеткен өңін, таңданған жүзін көрді де, сәл-пәл қымсынғандай болып, күмілжіді. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Моншада

I

— Әй, сопайған неме! Бу жібер! - деп дауыстады денесі аппақ жуан мырза, буалдыр будың ішінде тұрған селдір сақалды, мойнында үлкен мыс кресі бар, ұзын бойлы, арық біреуге қарап.

— Асыл тектім, мен моншашы емеспін, шаштаразбын. Бу жіберу менің жұмысым емес. Қарықтық қойсақ қалай қарайсыз. Қансорғыш қарықтық қоюға бұйырмас па екенсіз?

Жуан мырза қызарған жамбасын сипап қойып, ойланды да:

— Қарықтық па, бір себептен, қойсаң қой. Асығып тұрғаным жоқ, - деді.

Шаштараз моншаның ауыз бөлмесіндегі саймандарына жүгіріп барып келді, бас-аяғы бес минуттың ішінде жуан мырзаның кеудесі мен жауырынында он қарықтық қарауытып тұрды.

— Асыл тектім, мен сізді танимын, - деп сөз бастады шаштараз он бірінші қарықтықты қойып жатып, - сіз өткен сенбіде де жуынғансыз, дәл сол күні аяғыңыздың күсін тазалап бергенмін. Мен шаштараз Михайломын... Тап сол күні сіз менен қалыңдық жөнінде сұрастырғансыз... күні. Есіңізде ме?

— Е-е... Ал сонымен?.....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Құм мен Асқар

I

Түн. Қойлы ауылдың қотаны. Түн аспанының қақ жартысын қаптаған қара қошқыл, түйдек-түйдек бұлттар ауыл үстіне қарай төніп келеді. Шаңдақ жерден топырақ борады. Түңліктер желпілдеді, жел көтеріле бастады. Алыста найзағай жарқылдайды. Күн күркірейді. Жалт еткен жарық ішінде ауылдың жеті үйі көрінді. Қалың қойдың шет-шеті тұрып, сілкініп, қозғалақтап абыржи бастады. Ала төбет пен қара қаншық ауылды айнала жүгіріп, арсылдап үреді. Қотан ортасында ескі жыртық жабу үстінде үлкен жыртық күпі шекпенге оранған Райқан отыр.

— Е-е-й, һайт, — деп айтақтап қойды.

Үлкен үйде жертөсекте ұйықтай алмай аунақшып жатқан бәйбіше сексиіп басын көтерді. Желпілдеген түңлікке, сықырлаған уыққа қарады. Құлақ салды. Киініп тысқа шықты.

— Тоқалдың қасында албырап жатырсың-ау, — деді. Жөткіреді, айтақтайды. Күндестің үйіне қарап үн бере береді. Жұдырығы құрысып, жағы тістенді...

Екінші ақ үйде Райқанның айтағымен оянып, тұра бастаған Жексенге тоқал қарайды... Жексен үйден шыға бастады. Тоқал артынан есікке таман ере барып:

— Жас тоқалға бой ұрды, — дейді. Бай Райқанды табады. Бұлтқа нұсқап, ұйықтама деді. Жауап жоқ. Иығынан тартады. Райқан сыртымен отырып, ояу екенін білдіреді. Анау зекігенде басын екінші жаққа бұрып күрсініп, тізесіне тағы сүйенеді. Бай ашулы түспен үңіліп тепсінеді. Райқан құнысып, бүкшиіп, тоңғанын білдіреді. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Мұрагер


— Ең бастысы жоқтан өзгеге ренжіп, абыржушы болмаңыз, — деді дәрігер Мейнелл өз әріптестеріне тән сабырлылықпен.

Көңілдің хошы үшін айта салған дәрігердің жаңағы сөздеріне Гартер ханым құлай сеніп, илана қалған жоқ, кайта кез келген науқастың көңілін аулау үшін айтылатын жаттанды әңгімеге жүрегі сенбей, екі ойлы болып отырып қалды.

— Сөз жоқ, жүрегіңізде ақау бар, — деді дәрігер сөзін қайта сабақтап, — бірақ соншалықты абыржитындай ештеңе жоқ. Бұған кәміл сеніңіз. Әйткенмен үйіңізге лифт қондырып алғаныңыз артық болмайды. Бұған қалай қарайсыз?

Гартер ханым дәрігерге мазасыздана қарады.

Дәрігер Мейнелл өзіне дән риза сияқты. Ол қалтасы жұқа кедейлерден гөрі ауқатты адамдарды көбірек жағалайтын. Себебі, қалтасы қалыңдар оның аузынан шыққанын екі етпей, не айтса соған көне кететін.

— Иә, лифт қондырып алыңыз, — деді ол бұдан басқа лайықты еш нәрсенің орайын келтіре алмай, — оны орнаттырып алсаңыз, шамадан тыс қимыл жасап қиналмайсыз. Күн сайын жазық жерде ғана серуендеп, ойлы-қырлы жерден аулақ болғаныңыз жөн. Бәрінен бұрын — көңіл-күйдің тыныштығы керек, алайда денсаулығыңызды көп ойлап сарыла бермеңіз.

Чарлз Риджуэйге жасы ұлғайған нағашы апасы туралы дәрігер тым мылжыңдап кеткен сияқты көрінді. .....
Әңгімелер
Толық

Вальтер Скотт | Айбынды батыр Айвенго


I ТАРАУ

Өрістен малдар қайтқанда,
Қорс-қорс етіп шошқалар
Тойып ап тоңқаң қаққанда –
Отырған төбе басында
Осынау кеңесті айтқандар.

Поп, «Одиссея»

Сауықшыл сайран Англияның ерте заманда небір әсем жерлері болған ғой, сондай бір табиғаты көркем кең жазирасына о кезде Дон дариясының суы жайылатын. Шеффилд, Донкестер уалаяттарының аралығындағы сай-сала, бел-белестерді алып тұрған қалың орман, ну тоғай болатын. Уэнтворт, Уорнклиф-парктегі ақсүйектер сарайларының айналасында, Ротерхем маңында сол қалың орманның жұрнақтары күні бүгінге дейін көрініп тұрады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл араны баяғыда уонтлей аждаһасы мекен еткен екен деседі; бұл арада Ақ Роза мен Алқызыл Розаны ту ғып тұтынған халықтардың жауыққан заманында нешеме қиян-кескі ұрыстары болып өтіпті; тағы осы арада қандыбалақ қарақшылар кезінде жасақ жинап, ел шауыпты, жол тосып, тон тонапты; аты шулы қарақшылардың аламандық ерліктері ел аузында жыр боп қалыпты. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Түнгі қонақ

Бекәділ дәлізде тұрып, өз бөлмелерінде сабақ дайындап отырған екі баласына:

— Ау, Әли, Мұхтар, сағат он боп қалды. Аяқтарыңды жуып, жата берсеңдер де болады, — деді.

— Жат, жатыңдар. Таңертең тұрмай әлек қыласыңдар! — деп, Ләззат күйеуінен гөрі қаттырақ ескертті.

Кіші ұлы Мұхтар күндегі әдетімен:

— Сендер қайда барасыңдар?

— Қайда барушы ек. Алаңда біраз сейілдеп, жүріп қайтамыз.

Үш бөлмелi кем үйде Әли, Мұхтар оңаша қалды. Әли алтыншы, Мұхтар бесінші оқиды. Жоқ, ата-анасын тыңдамайтын немесе жүре тыңдап, бір айтқанды он қайтара айтқызып, әке менен шешенің ашу - шамына тиетін қыңыр-қисық балалар бұлар емес. Әр нәрсенің шөгін білетін тәрбиелі балалар екеуі де. Сабақты жақсы оқиды. Мұғалімдеріне де, таныс көрші-қолаңға да жағымды.

Кітап - қағаздарын жиыстырып, столдан бірінші боп тұра берген Мұхтар кішілік шолжаңдау мінезі ұстап, Әлидің қалқиған құлағына шертіп келіп қалды. Әли тек осыны

күтіп отырғандай сақ еді. Зыта жөнелмек болған Мұхтарды ол екі аттатпай-ақ ұстап алды. Екеуі сол арада, еденге төселген қызыл ала кілемнің үстінде, таласқан иттерше апыр-топыр болды...

Стол басында көбірек отырыңқырап қалғанда, әсіресе, үйде әке, шеше жоқта, бойдың құрыс-тырысын осылайша жазып алу олардың қашаннан бергі әдеті. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Саша


Павлодар қалалық қонақ үйі әкімшісінің алдында тұрмын. Бұл көзәйнек киген үлкен мұрынды кішкентай сұр кемпір. Қолдан тоқылған ескілеу жүн бөкебаймен арық жіңішке мойнын иегімен тұтастыра орап алған. Менің орын сұраған өтінішіме ол мезі болған қатқыл үнмен: «Орын жоқ», — деп қысқа жауап қайырды.

— Енді қалай ету керек?

Кемпір менің бұл сұрағымды құлағына да ілмеді. Столыпин тартпасынан қысқыш темір алып, бір қағаздардың шетін бекіте бастады. Оның тырысқақ кейпіне іштей ызам келіп тұрса да, биязы үнмен жағына сөйледім: — Кешіріңіз, мен тыңға келген жазушы едім.— Жазушылық кішкентай қоңыр билетімді кемпірдің алдына тостым. Кемпір менің билетіме емес, ажырайған суық көзбен жүзіме қарап:

— Мына отырғандарды көрдіңіз бе! Бәрі тыңға келгендер Әне, бірнеше күннен бері бала-шағасымен дәлізде Иленіп жатқандары бар. Орын болса, әуелі соларды орналастырмас па едім, — деді.

Мен ештеңе дей алмай қалдым. Дәліздің екі өңіріне қойылған диван, орындықтарда шынында да әйел-еркегі аралас он шақты адам түйіншек, чемодандарын төңірегіне үйіп қойып, манаурасып отыр еді. Соларды елеместен киіп-жарып кеп, орын сұрап, жазушылығымды дес еткеніме ыңғайсызданын та қалдым. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Сарнауық жеңгей

Жаздың басы. Күн ыссы. Демалыс күн. Таудағы дачада түске дейін күрекпен жұмыс жасадым да, жуынып - шайынбаққа төменге, өзен бойына түстім.

Жер қазып, еңбек еткен адамның түрі белгілі: аяғымда тарпылдаған кирзо етік, бұтымда жұмыс істегенде киіп жүрген былғаныш көне шалбар. Кеуде жағым әдейі күнге күю үшін тыр жалаңаш. Ал басымда бір кездегі әдемі формасынан түк қалмаған, сап-сары боп қаңсыған сабан қалпақ. Басы көзім шаң-топырақ. Бетімде, жалаңаш денемде тердің қап -қара тарам-тарам, іздері.

Түрім осы. Бір қолымда қаңғырлаған бес шелек, екінші қолымда сабын, ысқырып өлең айтып, ағаштың қалың арасынан өзен бойына сопаң етіп, шыға келдім.

Әлгі ара кішкене ғана ашық алаң, бауырларын күнге қыздырып жайылып жатқан қой тастар. Тастың біреуінің үстінде дәл бет алдымда басындағы орамалын қолына алып, бетін желпіген, өзінен-өзі ентіккем бір әйел отыр.

Көздері бақырайған, жақ сүйектері шығыңқы, екі беті солыңқы бұл әйелді танитын секілдімін. Бірақ дәл кім екенін жөппелдемеде есіме түсіре алмадым. Сонда да қалт тұра қап:

— Есенсіз бе, — деп сәлем бердім.

Әйел ернін болар болмас жыбыр еткізді. Маған адам емес, жабайы аң көргендей біртүрлі тікірейе қарап қалған. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Ана жүрегі


Салқын күздің сары таңын Балқия ана бүгін де жайсыз ұйқымен атқызды. Көзі ілінсе болғаны тағы да соғыс шықпай қойды түсінен.

Өте бір шошымал түсті Балқия таңға жақын көрді: жалаң аяқ жалан бас, көйлекшең қалпы қанды қырғын майдан даласын кезіп, жан ұшырып жүгіріп келеді екен. Іздегені жалғыз ұлы аяулы Мәмбеті. «Мәмбет! Мәмбет!» — деп Балқия пәрменімен ышқына айғайлайды. О жағы, бу жағынан гүрсілдеп жарылып жатқан тажалдарды елеп те қоймайды. «Мәмбеті Мәмбет!».

Кенет бұлттай қаптаған шаң мен түтін қойыртпағының арасынан Балқияның дәл алдынан Мәмбет шыға келді. Өз Мәмбеті, аңсаған алтын ұлы. Мылтық ұстаған қолын көкке сермеп, «апа!» деп, ол Балқияға қарай кұшақ жайып ұмтылды. Сөйткенше болмады, алып қоңыз тәрізденген қара сұр ірі танк Мәмбеттің арт жағынан сумаң етіп, ол да шыға келді. Жылан бауыры қаршылдап, өте шықты жосылтып. Мәмбет оған бір тал бұта құрлы да болған жоқ, танктің зіл кеудесіне көміліп қала берді...

«Мәмбет!» «Мәмбет!» .....
Әңгімелер
Толық