Қазақстан 2030 жылы әлемдегі 10 ірі мұнай өндіруші елдің қатарына енбек
Қазақстан 2030 жылға қарай әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің ондығына кіруге ниетті.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммункациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.
"Болашақта Қазақстан көмірсутегін өндіру көлемін одан әрі арттырады деп күтілуде. Бұл ретте Қазақстан өндірістің шыңына әлі шыға қоймаған аздаған елдердің бірі. Біздің болжауымызша, 2030 жылға қарай Қазақстан мұнай өндіру деңгейін 110 млн тоннадан асыруы мүмкін, бұл болашақта әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің ондығына кіруге жол ашады", - деп мәлімдеді Қарабалин.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеде Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары базалық жоба ретінде қарастырылады. Министр атап өткендей, елдің мұнай-газ саласына 60 млрд АҚШ доллары тартылған.
"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына 160 млрд АҚШ долларынан астам қаржы тартылса, оның 60 млрд-қа жуығы мұнай-газ саласына тиесілі", - деп түсіндірді ол.
Тек соңғы 5 жылдың ішінде мұнай-газ саласына 20 млрд долларға жуық қаржы инвестицияланған.