Үй керек

Үй – адамның басты баспанасы. Адамзат баласы жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулының биігі – адам болып жаралып, таспен тасты үйкеп от жаққаннан, қайла ұстап қайратын жұмсағаннан бері үй жасауға құмар. Бұл құмарлық ыстық пен суықтан, түрлі сыртқы күштерден қорғануға деген биологиялық, қала берсе, қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен келіп шықты. Есте жоқ ескі заманда баспана үңгірден басталып, кейін ұра, одан беріректе лашық, жаппа, киіз үй болып жалғасып, келесі сатыда іргетасы қаланып, керегесі көтерілетін қазіргі тұраққа келіп табан тіреді.

Қазақ тілінде «үй» сөзі «шаңырақ», «отбасы», «түтін», «үй іші», «отау» және «баспана», «қоныс», «тұрақ», «жай», «там», «пана» деген сөздерге синоним ретінде қолданылады. Алғашқы синонимдік қатардағы ұйытқы сөздің «отбасы» екеніне қарап қазақ атамыз материалдық құндылықтардың бәрін отбасы құндылығының алдына әкеп басын идіріп, соған қызмет көрсеткізіп, қажетіне жаратқанын аңғарамыз.

Үй әрбір адамға керек. Өң мен түсі түрлі-түрлі, ниеті мен пейілі әр қилы адамзат баласының бір бөлігі басқа түскенге баспақшыл деп немесе тағдырына наласын жаудырып тулақтай болса да тұрақ-жайға жете алмай зар, бір бөлігі барына қанағат етушілер, қалғаны баспанасы бар болу деген бақытты баяғыда-ақ ұмытып кеткендер. Тіпті кейде жылдар бойы жабық тұрған үйлерінің кілтін қайда қойғанын әлдеқашан есінен шығарып алғандар «кілтсіздерді» де кездестіреміз.......
Эсселер
Толық