Ұлттық құндылықтар ұлт қорғаны

Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары, фольклоры. Қазақ халқы бұдан кенде емес. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай. Оны айтып, ескеріп отыратын көнекөз қарияларымыздың да бүгінгі келбеті мүлдем бөлек. Ақ жаулығын таққан әже мен ақ сақалы мен тақиясы бар атаны бүгінде кезіктіру өте қиын. «Заманына қарай адамы» дегеннің әсері болар. Заман талабына қарай өзгере беретін болсақ, ұлттық құндылық түгілі, шыққан текті ұмыту қиын емес бұлай. Өйткені бүгінгі «заманауи» жас отбасылар ата-ана қадірі, туыстық байланыс, салт-дәстүрді біле бермейді. Барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бұның барлығын өте жақсы білетін де жандар жетерлік. Өйткені, олар «отбасы институтынан» тәлім алған. Сол алған білімді ары қарай өз ұрпағына үйретіп, үнемі қайталап отырады.

Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды»,- деген сөзі бар. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде оның ататегін қоса үйреткен жөн. Жан-жақты болсын деп бірнеше шет тілін үйрету, бос уақыты болмасын деп түрлі үірмелерге жазып қою бүгінгі күннің «тенденциясы» деп те айтуға болатын шығар. Өзге тілді үйренемін деп, ана тілін білмей шүлдірлеп жүрген талай қара домалақтарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сонда өз тілін білмеген бала өзге тілді қалай сыйлайды?! Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың өз алар орны бар екенін жас ата-аналар ұмытпаса екен.......
Шығармалар
Толық