Биология | Шемен

Шемен— қан мен лимфа сұйығының қалыптан тыс көп бөлініп, организм тініне қайта сіңуінің нашарлауынан тері асты май қабаттарына, тіндерге, буынға, органдарға сұйықтықтың (транссудаттың) жиналуы. Транссудаттың құрамында белок аз, тұнық болады. Шеменнің пайда болу себебі әр түрлі. Ол көбінесе жүрек-қан тамыр аурулары кезінде, бүйрек зақымданғанда, ісік пайда болғанда, ашыққанда, уланудың кейбір түрлерінде көрініс табады. Шеменнің жергілікті және жалпы түрлері ажыратылады. Жергілікті шемен кезінде вена тамырының қысылып жаншылуынан қан айналымы бұзылады. Әр түрлі органдарда пайда болуына байланысты, мысалы, іш қуысында пайда болса — асцит, көкірек қуысында — гидроторакс, жүрек қабында — гидроперикард, буында — гидроартроз, ми қабығында — гидроцефалия, ен қабатында — гидроцеле, т.б. деп аталады. Шеменнің жалпы түрі жүрек-тамыр, бүйрек ауруларында және ашыққанда болады. Сұйықтық жиналған жер, әдетте ісініп, көлемінің ұлғайғаны байқалады. Сұйықтық жиналған жерді саусақпен басқанда шұңқырайып қалады. Емі: Шеменге себеп болған дертті тауып емдеу. Кейде жиналған сұйықтықты пункция жасау арқылы сорып алады. Ауру асқынған жағдайда хирургиялық операция жасалынады.

Пайдаланылған әдебиеттер .....
Рефераттар
Толық