Тарих | Кенесары Қасымұлы

Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік - Сеңгір аңғарында шәйіт болды. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға болды.
Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың жазып қалдыруынша (шығармалар жинағы, III том, 486 бет), Абылай хан он екі әйелінен қырық қыз, отыз ұл сүйген. Ұлдарының бізге белгілері: Сағындық - Шуақбай атты Қарақалпак бегінің қызы - Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашғар бегі Кенже Сарттың қызы - Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбі-тай, Әбділда; Қалмақ ханы Қалдан - Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сырғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қасым, Арық; Атығай - Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тоғай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын): Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Абылай хан 1781 жылы 69 жасында қайтыс болғаннан кейін оның ең үлкен ұлы Уәли (1738-1819 ж.ж.) әкесінің орнына хан болып сайланады. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі өзінің шырқау шегіне жеткен кезде Уәли 1774 жылғы 2 маусымда Орынбордың генерал-губернаторы Рейнсдропқа былай деп хат жазады: «Сізге дұғай сәлем жолдай отырып айтатыным төменгідей: Жоғары мәртебелі Сіздің Шыныят мырза арқылы жіберген хатыңызды алдық, тек әкем Абылай хан болмады, ол қалың қолмен сырттағы жауға аттанған еді, жауымыздың тас-талқанын шығарғандығы жайлы хабар алып отырмыз. Ал, мұнда елді оның орнына мен басқарып отырмын. Сіздер де қандыбалақ қарақшыны ұстапсыздар, бұл хабарды естіп мен қуанып қалдым. Себебі ұлы мәртебелі императордың біз жауына жау, досына доспыз ғой!» (А.И.Дмитриев-Мамонов. Орал мен Сібірдегі Пугачев көтерілісі. Санкт-Петербург. 1907, 139-140 бб.). Орыс бақылаушысы Чучаловтың айтуынша, «Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы» жан болған (ХVIII-ХІХ ғ.ғ. қазақ-орыс қатынасы. Алматы, 1964, 106 б.). 1782 жылғы 25 ақпанда Ресей патшасы II Екатерина Уәли ханды Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы әмір еткен грамотаға қол қояды. Петропавл бекінісінде Уфа мен Симбирск генерал-губернаторы генерал-поручик Якобийдің қатысуымен Уәлидің хан болып таққа отыруының және ант беруінің рәсімі өткізіледі.....
Рефераттар
Толық