Тарих | Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан

Татар-монғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, монғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол 1155 жылы ірі ноян Есугей баһадүр отбасында туылған. Темучин ер жете келе қол астына монғолдың барлық тайпаларын біріктіреді. 1206 жылы көктемде Онан өзені жағасында Темучинді жақтаушы монғол ақсүйектерінің құрылтайы болып оны Шыңғысхан деген атпен монғол ұлысының әміршісі етіп жариялайды. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алады. Елдің бүкіл жері мен халқы он қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар) және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округке бөліп, әрбір округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде "мыңдық", "жүздік", "ондықтан" тұрды.

1207-1208 жж. қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да "орман халықтарын" бағындырды. 1208-1209 жж. Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, танпұттық Си ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қахарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар монғолдарға өз еркімен берілді. 1211 ж. Шыңғысхан қолы Солтүстік Қытайға бет алды. 1215 ж. олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды.

Қытайда монғолдар соғыс ісінің сол замандағы жоғарғы техникасымен танысты. Қытайдан көптеген қару-жарақ, қамал бұзатын машиналарын, оны пайдалана білетін адамдарды алған Шыңғысхан жауынгерлік дайындығын күшейте берді.

Сөйтіп, ол Шығыс Европа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуға дайындалды. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, босқындардан мәлімет жинады.

Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жауы болған найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастапан әскер жіберді. Жетісуды Шыңғысхан көп қарсылықсыз басып алды. Оны бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуереннахрға, сол кезде Орта Азияны билеп отырған хорезм мемлекетіне қарсы жол ашылды. 150 мың адамдық қол Орта Азияны бағындыруға аттанды. Монғолдар Отырарға таяп келгенде монғолдардың басшысы Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастапан басқа тағы бір шоғыры Сыр бойымен төмен бағыттады. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғысхан ұлы Төлеймен бірге әскерімен Бұхараға беттеді. Хорезм шахы Мұхаммед монғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. Ол әскери күштерді әр қалаға бөліп ұстап отырды. Мұның өзі Шыңғысханға қалаларда тұрған шағын шоғырды оңай құртып жіберуге мүмкіндік берді.

1219 ж. күзінде Шыңғыс хан зор армияны Жетісу арқылы Мәуереннахрға аттандырды. Оңтүстік Қазақстан халқы қатты қарсылық көрсетті. Мыс. Отырар 6 ай бойы (1219 ж. қыркүйек- 1220 ж. ақпаны) қарсыласты. Алайда әскер басыларының бірі Қараджа түн ішінде қақпаны ашып жіберіп, монғолдарға өтіп кетті. Әскер осы қақпа арқылы қалаға кіріп, оны талқандады. Сөйтіп Отырар қамалын жермен-жексен еткен Шағатай мен Үгедей бастаған әскер Шыңғысханға қосылды. Бұл кезде Шыңғыс хан Бұхара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын Сығанақ қаласы да, ашнас та ерлікпен қорғанды. 1220 ж. 4 көкекте монғолдар Жентті алды. Сыр бойындағы қалаларды жеңгеннен кейін Шыңғыс әскерлері Орта Азияның ішіне кірді. Халық ерлікпен қорғанды. Бұхара, Самарқанд, Үргенш үлкен қарсылықпен алынды. 1219-1221 жж. Шыңғыс хан әскері Орта Азияны ойрандады. 1221 ж. көктемінен бастап соғыс хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Үндістан мемлекеттерінің жеріне ауысты. ....
Рефераттар
Толық