Психология | АДАМНЫҢ РУХАНИ ДҮНИЕСІ

Сыртқы дүниені толық тануға түйсік, қабылдау, елестер жеткіліксіз болады. Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз. Түйсік, қабылдау процестерінде сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым қорытындылар жасалады. Бірақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының ішкі құрылысын, оның қажетті қатынастары мен байланыстарын жөнді ашып бере алмайды. Адамның ой - әрекеті, әсіресе, түрлі мәселелерді бір – біріне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрінеді.
Ойлау дегеніміз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс – қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.
Ойлау қабылдау, елестермен тығыз байланысты. Түйсік пен қабылдау танымның бірінші баспалдағы болғандықтан, олардан тыс ешбір ойлау болмайды. Ойлау сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдейді. Ойлау сезімдік мағлұматтардың негізінде ғана мүмкін болатын нәрсе. Елестерде жалпылағыш элементтер мол болғанмен, оның таным мүмкіндігі ойлаудан әлдеқайда төмен. Ойлаудың қамтитын шеңбері өте кең.
Адамның ойы әрқашан да сөз арқылы білдіріледі. Біреу екінші біреуге пікірін білдіргенде өзін естісін деп дауыстап сөйлейді. Ой толық сөз күйінде білдірілгенде ғана айқындалып, дәйектелініп, дәлелдене түседі. Ойлау мен сөйлеу бірдей нәрсе деп, бұлардың арасына теңдік белгісін қою дұрыс емес. Ой – сыртқы дүниені бейнелеудің ең жоғары формасы, сөз – ойды басқа адамдарға жеткізетін құрал. Ойдың сөз арқылы бейнеленуі арқасында адам өзінен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжірибе мен білімді сақтап қала алды, ойды өмірді онан әрі жақсарту мақсаттарына пайдаланды.
Бала тілі шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниені бірінші сигнал жүйесінің қызметі арқылы танып біледі. Ойлаудың бұл түрі оның танымын онша кеңіте алмайды. Баланың тілі шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым – қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңбері кеңейетін болады.
Сөз бен ойдың бірлестігі алғашқы адамдардың психикасында да үлкен орын алған. Сөз бен ойлаудың арқасында ғана олар бірінің білмегенін екіншісі біліп, ақыл – ойын молайта түскен. Тіл мен ойдың бір – бірімен тығыз байланыста болатындығын халық ерте кездің өзінде – ақ байқаған. Мәселен, халқымыздың ``Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түсімде`` деген мақалы адамның басындағы ойы тілінен көрінетіндігін, ал тілдің өзі адам психологиясын байқататын тамаша құрал екендігін жақсы көрсетеді. Сөйтіп, ойдың дамуы адамның нақтылы іс - әрекетімен шарттас болумен қатар, оның сөйлеу мәдениетін меңгере білуімен де, сөз өнеріне жетілуімен де тығыз байланысты.....
Рефераттар
Толық