Әдебиет | Айша Ғарифқызы Ғалымбаева қазақ суретшісі

Айша Ғарифқызы Ғалымбаева, Қазақстанның халық суретшісі, ҚР Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері. Оның есімі Республиканың құрметті Алтын кітабына жазылған. Қазақстан өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Тарлан» сыйлығын алған.
Айша Ғалымбаева 1917 жылы Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданындағы Есік ауылында дүниеге келген. Алматының көркемсурет училищесінде (1943) және Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография иниститутында (1949) оқыған. Айша Ғалымбаева «Махаббат туралы аңыз», «Өжет қыз», Шоқан Уәлиханов жөнінде «Оның заманы әлі алда», «Бұл Шұғылада болған еді» дейтін фильмдердің қоюшы суретшісі. «Қазақтың халық киімдері» (1958) альбомының авторы. Республикалық, Одақтық және Халықаралық көптеген көрмелерге қатысқан. Оның туындылары Қазақстан, ТМД және әлемнің көптеген елдеріндегі жеке коллекцияларға қойылған.
Қазақ өнерінің тарихына Айша Ғалымбаеваның шығармашылық өмірбаяны шын мәнінде алтын әріппен жазылған! Ол тарихтың қай бетін ашсаңыз да, алдыңыздан Айша Ғарифқызы сомдаған тамаша образдар шығады.
Айша Ғарифқызы жарық дүниеге келісімен-ақ айы оңынан туған адам. Оның туған ауылы Алатаудың бөктеріндегі табиғаты таңқалардай тамаша жерде. Киіз үйдің ішіндегі алуан түске боялған ою өрнектің, бір-біріне ғажап жарасым тапқан әр бұйым, әр заттың өзі жаныңды жып-жылы нұр шуағымен жылытқан сұлулық әлемінің тұтас бір әлеми кеңістігі тәрізді. Ісмер әже Айшаға жас күнінен өз қолынан келгеннің бәрін үйретті. Тұнып тұрған табиғат тамашасы мен жылы ұяның сұлу ырғақ, әсем бояуы бірте-бірте болашақ суретшінің жан дүниесін мөп-мөлдір, тұтас бір тұнығымен баурап алды. Одан соң бұл ғажайып дүние, сиқырлы сурет оның полотноларында бейнелі көрініс тапты. «Мұраға қалмағанның бәрі қауқарсыз дүниелер» деп Ницше айтқандай, біздің мирас еткендеріміздің бәрі таңдаулы туындылар.
Тағдырдың таңдаулы қызына өнердің құдіретін жаратқанның өзі сыйлаған. Онда да тек кенепке жағар көп бояуды ғана емес, күй көкірек тыныстар кең дүние – айналасын да әдемі жаратқан. Өнердің өзі «болмыстың қолдан шекіп соққан қалыбы» дейтініміз де сондықтан. Ал, Айша Ғалымбаева өз әлемінің сол болмысын жүректің жылуымен әлдилеп, шекімей-шертпей аялап, оны күншуақ пен көлеңкенің нұр сәулесі тұнған алуан түстерден дестелейді.
Айша Ғалымбаеваның көркем полотноларындағы образдар жүрек жылуын жер бетіндегі барша тіршілікке сыйлап тұрғандай. Ал Айшаның болмыс бітімі, жылы жүзді көзқарас, биязы, жұмсақ үні мен жылы сөзі адамдардың осынау жарық дүниеге деген құштарлығын оятады. Оның бейнелеу өнеріндегі образдарының мейрімі, іңкәрлігі мен ерекше сомдалуы кім де кімнің жан дүниесіне шаттық пен жарасымдылықтың сазды әуенін сыйлайды.....
Рефераттар
Толық