Ғабиден Қожахмет | Бөкеннің абыройы
Бөкеннің бір мінезі кімнің жанына жақын жүрсем, абыройды көбірек жинаймын, кімнің жанында көбірек сөйлесіп тұрсам, абыройлы көрініп тұрамын, кіммен байланыс орнатсам, абыройым асқақтай түседі деп жүруші еді. Кейде осы адам баласын алалағандай болғаным несі деп Бөкен өз-өзіне іштей ренжісе де, бала кезден қалыптасып кеткен осы әдетін қоя алмады.
Бөкен дәл қазір клубқа концертке келіп тұр. Бірақ концертке кірместен бұрын клубтың есігінен сығалап, кімнің жанында отырсам, абыройды көбірек жинаймын деп ойланып тұр. Көпшілік жинала бастаса да, концерт әлі бастала қоймаған кез. Бөкен сондықтан асықпай ойланып тұр. Көзі алдымен алдыңғы орындықта отырған Нүкеңе түсті. Нүкең - ел ағасы болып жүрген азамат. Нүкеңнің жанында отырғаннан абыройсыз бола қоймас еді. Бірақ Нүкеңнің өзі "әй, Бөкен, бері кел, менің жаныма отыр" деп шақырып жатпағасын, Нүкеңдей адамдардың жанына барып, әй жоқ, шәй жоқ, жайғаса кеткені абырой бола қояр ма екен? Мұндайда Нүкең не ойлайды, қарап отырған сырт жұрт не ойлайды? Жоқ, отыра алмас. Нүкеңдей кісілерге жақындау жүрудің де бір ыңғайы келер. Бөкен осылай ойланып тұрып, көзімен балуан жігіт Сейтекті де, дәрігер жігіт Қапарды да, сатушы кербез келіншек Ақбілекті де, кішілерге үнемі тәлім айтып жүретін құрметті демалыстағы зейнеткер Салиха апайды да, мұғалім жігіт Зейнелді де, өзімен құрдас есепші Халидолланы да бір-бір шолып өтті. Бәрінің де жанында отырғаннан абыройсыз бола қоймас еді.
.....
Әңгімелер