Тоқаш Бердияров | Нан
Қонысбай ғажайып бір түс көрді. Түсінде қап-қара киім киініп, цирк аренасында тұр екен. Басында күмбез тәріздес қара сәлде, қолында қылтырықтай таяқша, кәдімгі жұрттың көзін байлағыш сиқыршының өзі дерсің!
Ол жан-жағына көз тастап, көпшілік қауымға ойлы көзбен қарады. Бәрінің де жүздері солғын, жадау тартқан. Алдыңғы қатардан «нан» деп жылаған жас балалардың ащы да аянышты даусы естіледі. Қонысбай таяқшасын бір сермеп, селтиіп тұрған цирк қызметкерлеріне ишарат білдірді. Олар табан арасында үлкен бір ақ тандырды дөңгелетіп аренаға шығарды. Сиқыршы бала тандырдың аузын жылтыр қара шүберекпен жапты да өлеңдете жөнелді.
Жомарт тандыр, ақ тандыр,
Мына жұртты шаттандыр.
Әмірімді ал, ұққын.
Қарнын тойғыз халықтың!
Қаптың аузы сөгілсін,
Аузыңнан нан төгілсін!
Айтқандай-ақ, нан дегеніңіз тандырдың аузынан қайнап шыға бастады. Тап-таза бәрі бидайдың ұнынан жасалған, буы бұрқыраған арайлы да ажарлы кәдімгі нан! Түйенің көзіндей күлшелердің асты қаудырақ, үсті том-томпақ, аузыңа салсаң ериін деп тұр әншейін. Шайнамай-ақ жұта салуға болады. Жұрт мәз-мейрам. Бөбектердің қолында бір-бір күлше. Жүздерінде күлкі ойнайды. Бүкіл көрермендер сиқыршы балаға алғыстарын айтып жатыр. .....
Әңгімелер