Рабиндранат Тагор | Судья


Кхирода ел ақтап жүріп, ақырында осы бір жігіттің құшағында сая тапқандай болып еді. Міне енді ол да мұны қаңғыртып жіберді.

Күн көру үшін тағы біреудің құшағына іздеуді қайтып ойлағысы да келмеді оның, жирене қарады. Жасы болса жер ортаға келіп те қалды.

Жастық шақтың дәурені өткеннен кейін де өмірдің бір тамаша кезеңі болады. Ол кезең — жарқын жүзді күздің шуақ күніндей тыныш та тұңғиық, тұнық бір кез. Осы тұсқа жеткенде өмір бағының бар жемісі толықсып пісіп, көкорай шалғыны ұзарып жетіледі. Жастықтың елең-алаңында албырттықпен шалыс басқан аяқ енді ерсі көрінетін болады. Бұл дүниеде жасарымызды жасап, шығар биігімізге шығып болғандай сезінеміз. Өмір жолында бастан кешкен жақсылық-жамандығымыз, қайғы-қуанышымыз біздің ақыл-ойымызды біржола суарып шыңдап болады. Біз енді көкжиекке қол создырған тәтті қиялдың соңына еріп, адасудан бой тартамыз да, өз шамамыздың тар шеңберінде ғана өмір сүруге мойынсұнамыз. Жарқ еткен жаңа махаббаттың жалынына ұрынудан гөрі, үйреншікті сыр мінез серігіміздің болғанын артық көре бастаймыз. Бұл кезде жастық шақтың уылжыған өңіне әжім түседі. Бірақ көңіл шіркін қартаймайды. Ұзақ жыл отасқан өмірден кейін көңіл күйінің көрінісі бет пішінімізден, көз жанарымыздан сезілетін болады. Адамның даусы да, күлкісі де, көзқарасы да оның ішкі табиғатымен үйлесе бастайды. Қол жетпесті арман етіп елегізу енді қалады, бізді тастап кеткендердің артынан қайғыру жоқ та, алдап кеткендерге кешірім көп болады. Қиыспасыңмен айырылысудың зарын тартып болып, алай-дүлей бұрқаған өмір дауылының бәрін басыңнан өткізген шақта қасыңда қалған адал дос өзіңді жақын тартып, сүйіспеншілік білдірсе, сен де соған бар махаббатыңды ұсынып, құлындай түсесің. Өмірдің осынау бір іңір қараңғысы шағында ежелгі сыр мінез, сенімді серігіміздің қасында болсақ, сонда ғана жанымыз жай тауып, рақатқа батады. Ал бұл кезеңде жаңадан үйір болар жан іздер күйге душар болсаң, құдайдың ұрғаны. Кештетіп келгеніңде тыным аларлықтай боп үйіңде шамың жағулы, төсегің салулы тұрмаса, сорыңның қайнағаны. .....
Әңгімелер
Толық