Бердібек Соқпақбаев | Көйлек мәселесі
Күздің бұлыңғырлау бір күні, таңертеңгі мезгіл. Трамвай іші халыққа толы. Жанар кондуктордың тап қасындағы орындықта терезе түбінде ештеңеге көңіл аудармай, ойға шомып отыр.
Оның ұзын қайқыш кірпіктеріне ұялаған, күн шығар алдындағы орман үстіндегі бозғыл тұман секілді бір селдір көлеңке бар. Ол түнде ұзақ қадалып отырғандықтан ұйқы қанбағандықтың табы.
Трамвай, әдеттегіше, қоңырауын шылдырлатып кеп тоқтай қалды. Жұмысқа асыққан жұрт жабырласып тез мініп жатты. Тап осы кезде есік алдынан бір әйелдің шіңкілдей шыққан ашы даусы Жанардың тұнған ойының шырқын бұзып жіберді де, жалт бұрылып қарады. Бажылдап тұрған түбіт шәлі салған, шұбалаң қызғылт пальто киген, аяғында қонышына тірі ұстаған қызыл күрең туфлиі, қолында сол тұста былғары сумкасы бар сұңғақ бойлы, шегір сары келіншек еді. Жанар оны тани кетті. «Кербез ғой мынау, әкем - ау, қайдан жүр?!
Кербез бір аяғын трамвай баспалдағына салған күйде артына жалт бұрылды, жұртты бөгеп, қып – қызыл, қаймақтай жұқа еріндері жып-жып етіп шапылдап тұр.
— Сендер маған жоя көрсетпеңдер. Мінемін мінбеймін бе, өз еркім. Немене бәрің жабылып шу – шу етесіңдер. Алдағылар арырақ өтсін.
— Ішке кіріп сөйлеңіз, азаматша.
— Мінгіңіз келмесе, өзгеге жол беріңіз.
Жүретінін білдіріп, трамвай қоңырауын тағы шылдырлатты. .....
Әңгімелер