Балғабек Қыдырбекұлы | Арланның ажалы

(этнографиялық әңгіме)

Арлан айналадағы қалың қорыс ішіндегі апанына жете беріп, екі сүрініп кетті. Тіпті соңғысында талай желді жарып өткен, талай қойдың құйрығына, талай жылқының шабына тиген сүйір қара тұмсығы қара жерді сүзіп те қалды. Талай сыннан сүрінбей өткен екі алдыңғы аяқ тырнақтары тұқылданыңқырап, әлі кетіп, былқылдай берді. Апанның аузына жетер-жетпесте тағы тұмсық тірей құлады да, үш-төрт күннен бері ішіне ештеме бармағандықтан, қабысып кеткен бүйірі бүлк-бүлк соғып жатып қалды.

... Арлан көзін жыртитып ашқан сәтте күннің қызуы басылып, ұясына таяп барып қалған екен. Құлай кеткенде сүйретіліп қалған артқы екі аяқтың бірі қозғай бергенде зар қақсап кетті. Танғы оқиға арланның есіне енді түсіп, бойын жинаңқырап алып, өзінен-өзі түңілгендей, тіксінді. Қашанда әлсізге, шаршауға жолдас ұйқы кезіне тығылып бара жатты да, көз алдына таңсәрідегі ақ төбеттің тілерсектен тартып кеткені елестеп, ойы жан-жақты, болған жайды қайта шарлап жөнелді. Ол тарамыстанған екі артқы аяқты жинап, шүйкесінен шоқиып отырды. Сонан соң қан шыққан тілерсекті шайнап жеп қойғысы келіп, ауызды салып қалып еді, қызыл иек жүгіре-жүгіре әбден бекіген қу сираққа өтпеді. Құдайға шүкір деп ойлады, жанымда туғандарымның болмағаны қандай жақсы болды. Әйтпесе тілерсектен аққан қанды көрген соң мені түте-түтемді шығарып, талап жеп қоятын еді. Олар болғанда ендігі әрқайсысының ішінде бір-бір жапырақтан жататын едім. Ол шайнай алмаған оң аяқты енді алақандай қызыл тілімен жалай бастады. .....
Әңгімелер
Толық