Антон Чехов | Тынышсыз қонақ

Орман күзетшісі Артемнің қисайған жатаған үйіндегі үлкен қоңыр иконаның түбінде екі кісі отыр, біреуі беті егде тартқан адамның бетіндей қатпар-қатпар, шоқша сақалды, әрі аласа, әрі арық. Бұл - Артемнің өзі. Екіншісі - аяғында сазға киетін үлкен етігі мен үстінде қырмызы жаңа көйлегі бар, жол-жөнекей келіп отырған бойшаң, жас аңшы жігіт. Олар үш аяқты кішкене үстел басындағы отырғышқа жайғасқан, үстелде бөтелкенің аузына тығып қойған май шам сықсиып жанып тұр.

Тыста түн қараңғысында алай-дүлей дауыл соқты; әдетте күн күркіреп, найзағай ойнар алдында табиғат осылай буырқанушы еді. Жел ышқына ұлып, иілген ағаштар ауру адамдай ыңыранады. Терезенің бір әйнегі қағазбен жапсырулы екен, үзіліп түскен жапырақтардың сол қағазға тиіп, тырсылдағаны естіліп тұр.

Артем аңшыға, қорыққан кісідей кірпік қақпай қарап, баяу, жіңішке дауыспен ақырын ғана сөйледі:

— Құдайдың пендесі - саған мынаны айтамын, мен қасқырдан да, аюдан да, аңдардың қай-қайсысынан да қорықпаймын, тек адамнан қорқамын. Мылтық пен қаруың болса, аңнан құтыласың, ал бұзық адамнан құтылар амалың жоқ.

— Әрине! Аңды атуға болады, ал қаныпезерді атып көр, өзің пәлеге қаласың, Сібірге айдаласың. .....
Әңгімелер
Толық