Қаңғыбастың өкініші
Анашым! Мені адамдар үнемі «Қаңғыбас» деп мүсіркейді. Мына бір қараң қалған өкініштерден ғана тұратын өмірім маған ұнамайды. Қызық, ә? Ешкімнен де төмен тұрғым келмейтін еді ғой. Ал мына жүрісім не? Неге тұйыққа тірелдім? Неге тығырықтан шығар өзге жол іздемедім екен?
Апталдай азаматтың бір шиша шөлмектің алдында соншалық төмендегені не деген аянышты еді...Сол бір құрығыр шөлмекті қолыма алған күнімді қарғыс атсын. Иә, расымен ол менің бар қайғымды, бар қиындығымлы ұмыттырды. Таңертең тіптен өз үйіме қалай келгенімді білмейтіндей жағдайға да жеттім. Сіз де, Балым да, бар жанашырым да маған бар ақылдарын үйіп – төкті. Сонда да мені шайтанның суынан өзге ештеңе қызықтыра қоймады. Қаншама жақындарыма айтқан сөздерім есіме түсе қалса, кірерге тесік таппаймын. Ал он жыл отассақ та, бірде – бір рет шәй десіп көрмеген жан жарым Балымға қол көтергенім тіптен иттік қой.
Байғұс анам... Қолынан түк келмейтін, жігерсіз ұлыңды кеше гөр. Мен сізді ең бақытты ана етемін деп жүріп, ең сорлы ана еттім-ау. Сізге көрінуге бетім де жоқ. Есіңізде ме? Сіз кезінде «жас болса да бас болып, әкесінің жоқтығын білдіртпей, мені алақанына салып бағып отыр» деп көрші әйелдерге жер-көкке сыйғызбай мақтаушы едіңіз ғой мені. Соны есіме алсам, өзегім өртенеді. Сіз сеніп едіңіз ғой маған. Ал мен не істедім?
Тентек ініммен бір көрісіп сізді тапсырғым келеді. Менің орныма ең бақытты ана ет, сенің қолыңнан келеді дегім келеді. Бірақ мына түріммен ініме қалай көрінемін. Мені көрсе шошынатын шығар. Айтпақшы, өткен жолы оны базардың маңына көрдім. Баяғы тентекті емес, ересек азаматты көргендей болдым. Есейіп кеткендей ме өзі? .....
Әңгімелер