Мұхтар Әуезов | Қыр әңгімелері

1. СЫБАННЫҢ МОЛАСЫНДА

Ел Көксеңгірдің күнгейінде. Жайлауда жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары суға келіп шығып, алды өріске кетіп бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар дүниені у-шу қылып мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі Жортар ақсақалмен әңгімелесіп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.

Оңтүстік жақ жазықта жапырлап отырған көп ауыл айналасында шұбыртып қыбырлап жүрген малдарымен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, көз қуантып тұр.

Көкжиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман көтерілген сайын, біздің көз алдымыздағы көрініс суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірі өзінің ең дырдулы шағын көзге көрсеткендей болды.

Даладағы мөлдір таза ауадан, сүйкімді суреттен көңілге белгісіз бір үміт кіргендей болады, қиял кезеді. Қөңілдің осы шағына не үйлесер еді деп ойлап келе жатқанда, көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол — қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді. Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын. Тыным-тыныштықты білмеген, барымта, соғыс десе — алағызып қолды-аяққа тұрмайтын қызулы жас болыпты. Жортар мықтылық, батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болды десетін. Бұл сипаттың бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып қартайған түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күннің көмескі түсі елестегендей еді. Сүйекті зор денесі апсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен маңғазданып, туыстағы ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей. Көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі тентек күндердің таңбасы сияқтанады. .....
Әңгімелер
Толық