Бердібек Соқпақбаев | Көңілді кеш
Алматы көктемінің тамаша бір салқын кеші. Әзімбай тротуарды бойлап, ойға қалып келеді бүгінгі кешті қалай өткізсем екен?
Кенет оның бет алдындағы биік үйдің жанында электр сәулесімен қызылды-жасылды болып құбыла жазылған «Ресторан» деген сөз жарқ ете қалды. Әзімбайдың бұл оншалық жек көрмейтін орны. Мм... деп ол майданда жарқышақ тиіп, кемтар болып қалған бұжыр алақанымен мұртын уқалады. Жүрісі де баяулап, батпақ кешіп келе жатқан адамша ілбіді де қалды. Ой үстіне ой келді.Кірсе жаман болмас еді. Кешті көңілді өткізіп, шалқып қайтуға болушы еді. Бірақ жоқ жомарттың қолын байлайды. Командировканың ақшасы адамды жарыта ма? Қалаға бұрын келіп жүргенде Әзімбайдың өзіндік тағы да бірдеңелері болушы еді. Бұл жолы оның реті келмеді.
Әзімбай мұнда әлі де үш – төрт күн болады. Әр күні үш мезгілден тамақ ішуі, қонақ үйге төлеуі. Содан соң автобустың жол ақысын төлеп Н. Ауданындағы үйге жетуі керек. Қаладағы бар ақша сондық қала. Қой болмайды.
Әзімбай тоқыраудан шығып, аяғын тездетіңкіреп басты. Ресторанның есігіне жалтақтай қарағанмен бұрылмады. Қатар – қатар көп терезе бұлар да ресторандікі. Адам аздау секілді. Сыра салған бөтелкелер, графиндер көзіне шалынғанда, Әзімбай тағы да қобалжыды.Алматыға айына да жылына да бір келгенде, тым құрыса бір рет сыраға тойып қайтпау деген... Әзімбай тағы да ілбіп, көңілінде есеп жүргізе бастады: кешкі тамақты бәрібір ішуім керек. Соның орнына екі-үш бөтелке сыра алсам. Жарайды, арзандау бір тамақ және алайын. Пәлендей қымбатқа түспейді. Оның есесіне ресторанда болып, музика тыңдап уақыт өткізіп қайтам.
Кір, кірме деген екі ойдың біріншісі еңсеріп әкетті. Әзімбай бұрылып, қайтадан кейін қарай жүрді. Екінші кереғар ойдың да жағы семер емес. «Кірме! Кірме! Кірме!» дейді. Кірген соң сенің жайың белгілі ғой дейді. «Жоқ, әлгі есебім есеп, бір грамм да татпаймын» — деп, Әзімбай өзіне өзі ант бергендей болды да, ресторанға кірді.
.....
Әңгімелер