Бейімбет Майлин | Қысқы ауылда
...Біз үйге кіріп келгенде, сары самаурынды ортаға алып, төрт-бес кісі шайға бас қойып жатыр екен. Ат жақты келген, шүңірек көзді қара кемпір күпісін жамылып, ыстық шайға нанды малшып жеп отыр. Екі жас жігіт жалаң бастанып, терлеп-тепшіп шайды ұрттап жатыр. Екі келіншектің біреуі шай құйып отыр, біреуі жас балаға сүт ішкізіп отыр...
— Кеш жарық...
Бәрі де ажырайысып қарады. Жігіттер ығысып орын берді. Ала дастарханның бұрышын созып, алдыма таман тартты. Бірер минут тұнжырасып отырғаннан кейін сөзге кірісті: олар менің аты-жөнімді, қайдан келе жатқанымды, не жұмыспен шыққанымды сұрады.
— Е, солай де, Қызылордадан шықтым де...
Қара кемпір бетіме тесіле қарап отырды да:
— Шырағым, қашан шықтың?.. Сол жақта біздің бір жаман баламыз болушы еді, одан хабар білесің бе?!— деді.
— Әй, әже-ай, жоқты сұрайсың-ау, Қызылордада кімдер жоқ дейсің, бұл жігіт қайсысын біле берсін,— деп самаурынға таяу отырған бақа сары жігіт кейіңкіреді.
Кемпір жым болды. Жас әйелдер өзара күңкілдесіп, жас баланы сылтау қылып, бірдеме айтып күліседі.
— Бетіңнің кірін қара, балаң сүймеймін дейді, жүр, бетіңді жуайын,— деп біреуі баланы жетелейін деп еді, бала көнбей бұртиды.
— Тұр, қалқам, жуғыз, ұят болады, мына кісіні көрдің бе,— деді әжесі.
— Қойыңдаршы, баланың бетін жуғанды қайдан шығарғансыңдар, жуып керегі не?— деп кемпір де кірісті. .....
Әңгімелер