Балғабек Қыдырбекұлы | Көгендеулі бала
Бұзылған еркекке шара жоқ, Өрден Айтолқынның үстіне тоқал алмақ ойын ағайын-туғанына тегіс айтып құлақтандырды. Өсек-аяңнан Айтолқын мұндайдың бәрін күндегісін күнде естіп отырса да, Өрденге бір сөз демеді, түк естімегендей болды. Шыны керек, Өрденнің тоқал аламын дегенін ағайын-туғаннан құптаған ешкім болмады. Айтолқынға қояр кінәсі жоқ. Әдетте, көбіне-ақ қазақтар тоқал алуға алғашқы әйелінің бала таппауын себеп қылады. Ал Айтолқынға ондай кінә қойылмайды, өйткені одан туған бес ұл, екі қыз бәрі де Өрденнің аузынан түсіп қалғандай, бәрі де үріп ауызға салғандай. Ең болмаса біреу-екеуі Айтолқынға да тартпапты. Сонда да құдай бұзған Өрден жұлқынып болмады. Тіпті Өрденнің бірге туған ағасы Күпшек бай да інісінің тоқал алғанын жақтырмады.
— Тілімді алсаң қой. Айтолқынның көңіліне дық салма. Осы бір ауылда одан көңілі қалған бір адам жоқ, бүкіл ауылдың үлкен-кішісінің бәрінің көңілін тауып, үлкенін үлкендей, кішісін кішідей көріп, ырыс алды ынтымақ болса, бәрін дағы соған ғана бейімдеп, ақылмен байыптап отыратын адамның үстіне қатын алмас болар,— деп еді ағасы. Бірақ Өрден ағасына жабыса кетті:
— Өзің неге екі қатын алдың? Мен алдыңғы арбаның ізімен кететін болармын,— деп Өрден безірейіп болмады.
Күпшек аты жұп-жуан болып тұрғанымен, өзіне біраз дәулет біткенмен, денесіне артық ет бітпеген, сыптығырдай, бойы да, ойы да бар кісі еді. Ол түнеріп, ойлана отырып інісіне қайта тіл қатты:
— Мен әйел алсам байлығым тасыды деп алған жоқпын. Бәйбішеден бала болмады, бұл дүниеден ернім жібімей кете ме деп қорқып едім, құдайға шүкір, құдай тілегімді берді. Тоқалдан туған екі ұл көзімнің ағыменен қарасындай. Айтсам, саған сол екі қатын дегеннің пәле екенін білгендіктен де айтамын. «Екі қатын алыпсың, бір пәлеге қалыпсың», деп бабаларымыз бекер айтпаса керек, Үйіңнен ұрыс, маңдайыңнан құрыс кетпейді. Менің өмірім өмір ғой деп ойлаймысың. Менікі өмір емес, қызыл от. Қай күні сол үйге кірмесем бе екен деп те ойлаймын. Амал нешік, бармай тұрмайсың. Тілімді алсаң қой. Алмасаң, өзің білесің, мен бұдан былай бұл әңгімені қозғамаймын. Ағасы Өрденге жеткізіп те, таусылып та айтты және шынын айтты .....
Әңгімелер