Агата Кристи | Күдікті төртеу
Әңгіме ашылмай қалған қылмыстар мен жазасын алмаған қылмыскерлердің төңірегінде болатын. Кезегімен сөз алып, әркім өз пікірін айтып жатты: полковник Бэнтри мен оның толықша келген жайдары мінезді әйелі де, Джейн Хелиер де, дәрігер Ллойд та, тіпті қартаң тартқан Мисс Марпл да. Аузын бағып үндемей қалған бір-ақ адам. Ол сан адамның пікірін тыңдап әбден машықтанған, Скотленд-ярдтың бұрынғы комиссары Сэр Генри Клитеринг еді. Үндемей мұртын шиырып сипап қойып, іштей бір нәрсеге мәз болған адам сияқты күлімсіреп отырған.
— Сэр Генри, — деді Бэнтри ханым шыдамы таусылып, — егер сіз бірдеме демесеңіз, тура айқай саламын. Тиісті жазасын алмаған қылмыстар көп бола ма, жоқ әлде болмай ма?
— Сіз газетке беретін мақаланың тақырыбын ойлап отырсыз, Бэнтри ханым. Тағы да Скотленд-ярд кінәлі деп, ары қарай ашылмай қалған құпиялардың тізімін тізбексіз ғой.
— Ондайлардың, саны меніңше, көп бола қоймас?— деді дәрігер Ллойд.
— Иә, солай. Ашылған жүздеген қылмыстар мен жазасын алған қылмыскерлер туралы көп жазыла да, айтыла да бермейді. Бірақ біздің талқылап отырғанымыз ол емес, солай ғой? Сіз ашылмай қалған қылмыстар мен шешілмей қалған құпиялар жөнінде сөз қозғағанда, бір-біріне қатысы жоқ екі мәселені айтып отырсыз. Бірінші топқа Скотленд-ярд мүлде естімеген, болғанын жан адам білмейтін қылмыстар жатады. .....
Әңгімелер