Қазақ тілі | Диалог түрінде сөйлеуге үйрету

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тіл білімі ғылымында жалпы ауызекі сөйлеу тілі және оның диалогтегі көрінісі, олардың тілдік сипаттары мен түрлері бірқатар зерттеулердің нысаны болғанмен, ауызекі диалог пен көркем диалог, олардың стильдік ерекшеліктері осы күнге дейін бір концепция тұрғысынан арнайы зерттелген емес.
Диалог теориясының негізін жалпы тіл білімінде Ш. Балли, Л.В.Щерба, Л.П.Якубинский, Е.Д.Поливанов, В.Н.Волошинов, В.В.Виноградов, М.И.Бахтин, Ю.В.Рождественский т.б. сынды лингвистердің қалағаны белгілі. Ал, қазақ тіл білімінде диалог мәселесін алғаш рет қазақ тіл танымының негізін салушылар А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов көтерген болатын.
Ауызекі сөйлеу тілінің айтылуы мен жазба тілде қолданылуы бірдей емес. Жазба тілде ой стильдің өзіне тән, оған қажетті сөздерімен жүйеленіп, бір жақты баяндалып отырса, сөйлеу тілінде тыңдаушыларға лайықтанып, жазба тілдік үлгіден ауытқып отырады, дыбысталудағы сөйлеу тілінің жазба тілден өзгешелігі сөйлеу тілінің ауызша формасында іске асады.
Ауызекі сөйлеу барысында сөйлеуші алдына қандай мақсат қойса да, ол қашанда тыңдаушы реакциясын күтеді. Бұл тағы да коммуникативті процесті сөйлеуші интенциясы мен тыңдаушы реакциясымен санаса отырып зерттеу керек екенін нақтылай түседі. Сөйлеуші өзі үшін ғана емес, басқалар үшін сөйлейді.
Ауызекі сөйлеуде тілдің қатысымдық қызметі айқын көрінеді. Ауызекі сөздің диалог түрінде жұмсалуы оның лексикалық құрамы мен синтаксистік құрылысына әсерін тигізеді.
Диалогке құрылған сөйлеу тілінде лексика мен синтаксистің ауызекі және кітаби,стилішілік және стильаралық құралдарының бір мезгілде өзара жақын әрі қарама-қарсы екі тип ретінде жіктелуін зерттеу, сонымен қатар, олардың өзара қарым-қатынасы мен қызметін анықтау мәселесі шешімін табуға тиісті маңызды мәселелердің қатарына жатады.
Зерттеуде диалогке тән «сөз - белгілерді» әр түрлі қырынан алып қаралады. Диалогті құрастырушы компоненттер ретінде оларды орналасу қызметіне қарай сөз бастаушы, байланыстырушы, мақұлдаушы, әр түрлі эмоцияларды жеткізуші, бағалаушы, нақтылаушы, қолдаушы деп бірнеше түрлерге бөлуге болады. Бұл бірліктерді диалогтің құрылымдық-мазмұндық аспектісі тұрғысынан және одан жоғары қатысым стратегиясы тұрғысынан қызметтерін анықтауға, бағалауға болады. Мәселен, қолдаушы мақсаттағы сөз-сигналдарды сөйлеуші де, тыңдаушы да қолдана алады. Тыңдаушы қолдаушы мәнді сөз- сигналдарын ынтымақтастық принципіне сай қарым-қатынас, сыпайылық этикетін сақтау үшін, қарым-қатынас стратегиясын дамыту үшін қолданады. Сөйлеу тілінде сөйлеушілердің осы мақсатын жүзеге
асыруға қалыптасқан, дағдыланған сөз-сигналдары – сөйлесім түрлері бар. Олар ешқандай хабар жеткізбесе де, сөйлеушілер арасында сенімді қарым-қатынасты қалыптастырып, тыңдаушының әңгімелесуге белсенді түрде араласып, сол арқылы сөйлеушіге қозғаушы күш беруіне көмектеседі. ....
Курстық жұмыстар
Толық