Қиял-ғажайып ертегі: Адам болған жылан

Баяғы өткен заманда Құрман қойшы деген бір байдың қойшысы болыпты. Құрман сол байда он сегіз-жиырма жыл қойын бағыпты. Алатын ақысы бір жылға екі тоқтылы қой екен. Егер қой жоғалтса, ақысын бермей соның есебіне алады екен. Құрман қойшының тапқаны киіміне жарамай сол байдың қойын бағып жүре беріпті. Құрман қойшы бір күні қойын бағып тұрғанда төрт-бес шақырым жерден жанған от көреді. От жанған қалпында тура қойшыға қарай тартады. Құрман қойшы ойлайды, «апырмай, мынау от қалай жүреді. От болса жан-жағына тарап жанар еді және қара түтін шығар еді. Ал мына от жайылып жанбай, тура тартып келе жатыр» деп тұрғанда, от та, Құрман қойшыға жақындап келеді. Анықтап қараса, оттың алдында ұзындығы бір құлаштай ақ жылан қашып келеді екен. От қайтсем де сені күйдірем деп келеді екен, ал жылан қа­шып келеді екен. Жылан қашқан қалпында Құрман қойшының шалбарының балағынан кіреді. Ол жыланды балағынан кіргізбеуге үлгіре алмайды. От та кіруге ыңғайланғанда сабап сөндіреді. Жылан жорғалай омырауынан шығып, оттың өшкенін көріп, жерге түседі.

Жерге түскеннен кейін адам тілімен сөйлей бастайды: «Сен мені өлімнен құтқардың, мен сенің жақсылығыңды өмірі ұмытпаймын, сен мына қойды таста да менің соңымнан ер, мен саған өзімнің қызымды беремін»,—дейді. Қойшы байғұс қуанады, бірақ «қойды тастап кете алмаймын» дейді. «Сен қойға қам жеме, қойдың өздері кешке аман-есен үйлеріне барады»,—дейді. Қойшы амалсыздан жыланға ілесіп кете барады, бір жерге барғанда бір тесікке түсіріп алады, сонан екеуі жер астымен кете барады, бір жерге келгенде төбедей үйілген көп жыланға кез келеді. Құрман қойшы «осынша жыланға жем қылуға алып келе жатыр екен» деп, зәресі зәр түбіне кетіп, өңі қашып тұра қалады. Жылан оның қорқып тұрып қалғанын біліп, «жүр саған олар тимейді» деді, ол амалсыз ере берді, жылан үйілген жыланға келгенде қатты ысқырып еді, жыландар екі жаққа айырылып ортасынан қақ бөлініп жол берді.....
Ертегілер
Толық