Қазақ әдебиеті | Эпостағы тұлпар образы

Кіріспе
Қазақ халқының ерте замандарда жасаған мәдени мұрасының бір түрі – халықтың ауыз әдебиеті.
Жазу-сызу өнері болмаған ерте кезден-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүниетанудағы көзқарасы тағы басқа жайында неше түрлі өлең-жырлар, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі, яғни ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ауыз әдеби фольклор деп те аталады. Фольклор – ағылшын сөзі. Ол – халықтың ауызша тудырған көркем шығармасы, халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Фольклор дүние жүзіндегі халықтардың бәрінде бар. Ал, халықтың ауыз әдебиетін зерттейтін ғылымды фольклористика деп атайды.
Жанрлық жағынан алғанда, қазақтың ауыз әдебиеті де әр алуан. Халықтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына байланысты туған шығармалар, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, ертегілер эпикалық жырлар, айтыс өлеңдері тағы басқа қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрі болып табылады.
Бір халықтың ауыз әдебиетінде, айталық ертегісінде немесе батырлар жырында кейбір сюжеттердің басқа бір халықтың ауыз әдебиетіне ұқсас келетіндігі болады. Ондай ұқсастық экономикалық, тұрмыс-тіршіліктің, қоғамдық өмірдің ұқсастығынан туады. Бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас жасамаған, шалғай жатқан халық ауыз әдебиетінде ұқсас сюжеттердің болу себебі, міне осыған байланысты.
Ауыз әдебиеті халық өмірімен тығыз байланыса отырып, оны жан-жақты суреттейді, әр түрлі бейнелеу арқылы елестетеді. Әрине, бұдан ауыз әдебиеті бірден дамыған деген ұғым тумайды. Оның кейбір үлгілері ескі дәуірде, румындық қоғамда, яғни алғашқы қауымдық құрылыста пайда болған. Бертін келе қоғамдық, экономикалық жағдайдың, адам баласының дүние танудағы ой-өрісінің ұлғайып өсуіне қарай ауыз әдебиеті де дамып отырған. Демек, халықтың қоғамдық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік көзқарасы тағы басқа ауыз әдебиетінің тууына және қалыптасып дамуына әсер еткен, мазмұн берген. Сондықтан да ауыз әдебиеті өзінің даму жолында талай қоғамдық құрылыс ауыз әдебиетінің идеялық бағытына, мазмұнына ықпал жасаған, әрқайсысы өздерінің мүдделеріне сәйкес ауыз әдебиетін тудырған, оны пайдаланып отырған. Яғни, фольклор үнемі “өңдеуден”, сүзгіден өтіп отырады. Сөйтіп, біртіндеп көркемдігі кемелдене бастайды.
Ауыз әдебиетінің авторлары белгісіз болады. Бұдан, әрине ауыз әдебиетінде автор болмайды деген ұғым тумайды. Онда автор болған. Фольклордың кез-келген жанрлық түрлерін әу бастан-ақ белгілі бір адамдар шығарған. Мәселен, “Ер Төстік” т.б. сияқты ертегі, әңгіме, жырлардың қайсысын болса да, әуел баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ол кезде хатқа түспегендіктен шығарушы адамның өмірбаяны, аты-жөні сақталмаған. Ал, шығармалары ауызша айту ретімен тарап кеткен. Олардың авторы халықтың өзі болған. Ауыз әдебиетін халық әдебиеті деп атаушылық, міне, осылай қалыптасқан.
Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен бір айырмашылығы ауыз әдебиеті шығармаларында нұсқалардың көп болуында. Бір-біріне жалпы мазмұны, оқиға желісі, кейіпкерлерінің аттары ұқсас келетін шығармаларды бір шығарманың туынды түрі, яғни нұсқасы десек, бұл ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Мысалға, “Қобыланды батыр” жырын алайық. Қазіргі күнде бұл жырдың жиырма сегізден аса нұсқасы бар. Олардың жалпы мазмұны, оқиға желісі, басты кейіпкерлерінің есімдері бір-біріне ұқсас келеді. Бәрінде айтылатын басты әңгіме Қобыланды батырдың сыртқы және ішкі жауларға қарсы күресі, осы жолда оның жасаған ерліктері. Бұл оқиғалар жырдың нұсқаларында әр түрлі жырланады, ал ол нұсқаларда өзара үлкенді-кішілі айырмашылықтар болып отырады.....
Дипломдық жұмыстар
Толық