Бағдат шаһарында бір жігіт болған екен. Бір күні түсінде Қызыр жолығып: «Мен Ніл дариясының жағасында бір бәйтеректің қасында тұрамын, сен маған кел, саған батамды беремін. Сен бақытты боласың», – дейді. Жігіт оянып көзін ашса, таң атып келе жатыр екен. Жігіт:
«Япыр-ау, бұл түсім қалай түс, мүмкін, рас түс болып шығар, мен сол бәйтерекке барып көрейін», – деп, шаһардың ұзын көшесімен жүгіре басып келе жатса, Бағдат шаһарының патшасы терезесін ашып қойып, көшеге қарап отыр екен. Асыға басып бара жатқан жігітті көріп, патша шақырып алады:
— Сен, жігіт, жұрт тұрмай, асығып қайда барасың, бір нәрсеге қуанып барасың ба, я болмаса бір нәрседен қорқып, қашып барасың ба? – дейді. Жігіт:
— Тақсыр, патша, мен бүгін түсімде Қызырды көрдім, ол кісі: «Мен сені Ніл дариясының жағасында күтемін, сен маған кел, мен батамды беремін, содан соң сен бақытты боласың», – деді. Осы түсім рас болар деп, сол Қызырды іздеп барамын, – дейді.......