Охот жағалауын тұтас тұтып жатқан тастан қараңғы суық түнде құрлық пен сулықтың ұзына бойына жайлаған екі зұлмат дүниенің дамылсыз мәңгі-бақи шайқасы толастамаған. Теңіз көшкінін құрлық кескестейді, ал су сұрапылы құрлыққа шабуылдаудан бір тынбайды-ақ. Теңіз түн-түнекте жартастарға арсылдай соғып, абалай алқынады. Теңіздің соққыларына тойтарыс берген сайын қалжырап, қара тастай қатты жер уһілейді.
Күндіз - күндіз болып, түн - түн болып дүние-әлем жаралғалы бері, мәңгі-бақи күндіз де, түнде де бұл ғаламат шайқас таусылмас. Күндіз де, түнде де...
Тағы бір түн ұйыған шақ. Теңізге аттанар қарсаңдағы түн. Бұл түні ол ұйықтаған жоқ. Ғұмырында тұңғыш рет ұйықтамады, ғұмырында тұңғыш рет ұйқысы қашты. Тезірек таң атып, тезірек теңізге тартар мезгілді аңсады. Нерпа терісінің үстінде ол сонда теңіз соққысынан жердің болар-болмас діріл қаққанын, қойнауда толқындардың арсылдап, сілесі қата тынымсыз жұлқынғанын сезіп жатты. Түн сырына құлақ түрген бала осылайша ұйқы көрмеді... .....
ШыңғысАйтматов (қырғызша: Чынгыз Айтматов) (1928 ж. желтоқсанның 12 Шекер, Қырғыз АКСР - 2008 ж. маусымның 10, Нүрнберг, Алмания) - ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты. Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиладан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын еді. Жазушының өзі де қазақ...