Шешен сөйлеу сыры

Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда, осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Өйткені, шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды, құлиеленушілік қоғамда әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты. Б.з.д. V ғасырдың екінші жартысында грек-парсы соғысынан кейін, Афинада және оның қоғамдық өмірінде мемлекет істерінде, саясат майданында маңызды факторға айналды. Бұл қасиетті, киелі өнерді ыждаһатпен үйрену әрбір грек азаматының асыл парызы болған. Мінеки, осы уақытта риторика ғылымы шықты. Шешендік өнерге баулитын тәлімгер ұстаз (ритор) мамандығы пайда болды. Ал оратор - латынша orare яғни сөйлеу, ғайыпты болжау деген мағынаны білдіреді.
"Риторика" терминдік атауының әуелгі әрі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді береді. Сондай-ақ сыртқы сымбаты сұлу, мағынасы кемшін қызыл тіл дегенді сезіндіретіндігі бар. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады. Көне дәуірде шешендік өнерінің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б.з.д. V-IV ғасырлар, Афина елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайындай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал Румде б.з.д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.
Атамзаманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары - риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы - ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі.
Шешендік өнер мынадай түрлерге жіктеледі:
• Саяси тақырыпта сөйлеу
• Салтанатты мәслихатта сөйлеу
• Сотта сөйлеу
Саяси тақырыптағы шешендік, алдымен, тыңдаушыларды сендіруге ұмтылады. Салтанатты жиындағы шешендік тыңдаушылардың көңілінен шығуға әрекет жасайды. Алдыңғысына тегеурінді күш, соңғысына әсемдік тән. Шынайы шешен салтанатты жиында жақсылық пен жамандықты, сотта әділеттілік пен әділетсіздікті, халық кеңесінде пайдалы мен пайдасыздықты негізге алады. Шешендік өнер үш қайнар бұлақтан нәр алып сусындайды. Біріншісі, табиғи қабілет пен дарын, екіншісі теориялық қисындармен қаруландыру, үшіншісі, тынымсыз, толассыз еңбек, жүйелі жаттығу.
Риториканың, яғни шебер сөйлеудің мәнді, мағыналы элементі мақамдап, мәнерлеп, нақ-нағымен жеткізіп айту шеберлігі болып табылады. Даңқты шешен Демосфен орындау шеберлігін үш мәрте қайталап, шегелеп айтқан. Рум халқында шешендік өнерді құрметтеу — қасиетті іс ретінде қабылданған. Олар қан майданда Отанын қарумен қалай қорғаса, бейбіт өмірде халық мәжілістері мен сенатта суырылып сөйлеу әрқайсысының басты парызы деп санаған. Шешендік біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туады. Шешендік өнердің теориясының дамуына Дәуірлеу дәуірінің кемеңгерлері Кампанелла мен Томас Мор, Петрарка мен Данте, Рабле мен Шекспир, Сервантес пен Лопе де Вега өнерпаздығы зор әсер етті.....
Рефераттар
Толық