Сүлеймен Баязитов | Риза болсын ақынның аруағы

«Желіктіріп, су бүркіп, сайтан маған,

Кезім болды әділдік айта алмаған.»

Бұл Мұқағали ақынның «Өмір деген біреу бар» атты өлеңінің екінші буынының алғашқы егіз тармағы осы жолдарды оқығанда бір шама ойға берілдім.

Бұл не ақйық ақынның ар алдында ағынан жарылған ақжар ма тұсы ма... жоқ әлде тәңірі ерекше талант силаған періште көңілдің көрінісі ме?!

Қалай десек те болмай жатып болдым, толмай жатып толдым дейтін таланттан, ең бастысы ар ұяттан жұрдай өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуде тырысатын ақындардың пешенесіне жазылмаған сыршылдық.

Бұл сыршылдық демекші Мұқағалидың кез келген өлеңі тұнған сыр. Ол сізді өзінің сырына ортақтастыра, ой бөлісе отырып, өзі мен бірге қуантып, өзі мен бірге мұңайтады.

Сондай өлеңдерінің бірі «Емханада»

.....
Әңгімелер
Толық

Пунктуациялық ережелер

Нүкте
§ 1. Нүкте хабарлы сөйлемдерден және екпінсіз айтылған бұйрық, тілек мәнді сөйлемдерден кейін қойылады (§1, 3, 7, 10, 13-тарды қараңыз, мұндағы жақша ішінде көрсетілген цифрлар II тараудағы “Пунктуация ережелерінің” параграфтарына сілтейді[1]).

§ 2. Нүкте әрі қарай кең түрде баяндау болатынын ескертетін сөйлемнен кейін қойылады (II тараудағы §2-ты қараңыз).

§ 3. Қыстырма сөйлемді алу үшін ашылған жақшаның алдындағы сөйлем аяқталып, оған тиісті тыныс белгілерінің бірі қойылған болса, қыстырма сөйлемнен кейін жақшаның ішінен нүкте қойылады.

Мысалы: Ендеше, егер рұқсат етсе, сонда түсейік. Бүгін ас ішетін жеріміз де жоқ. Жататын қуысы болса болады. (Итбайдың бұлай деуіне себеп – қызын көрейін дегендік еді.) (С.Мұқанов).

§ 4. Драмалық шығармаларда әр сөйлеуші кейіпкердің атынан кейін нүкте қойылады. Мысалы:

Петр. Бұл немене?

Амангелді. Біле алмадым... Сақал мен мұртқа бір кезек келген сияқты (Ғ.Мүсірепов).

Кейіпкердің атынан кейін ремарка (автордың түсіндірме сөздері) келсе, ол кіші әріппен жақша ішіне алынады да, нүкте жабылған жақшадан кейін қойылады:

Амангелді (атып тұрып). Кешігіп қалыпсыз, мырза! (Ғ.Мүсірепов).

С ә у л е (аз уақыт үнсіз). Перизат, сен байқайсың ба?(Ә.Әбішев). .....
Әңгімелер
Толық

Маңғыстаудың экологиялық ахуалы қалай


Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне келетін болсақ, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, алайда проблемалар да бірінен соң бірі туындап отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мақалада ең өзекті деген үш проблемаға тоқталғанды жөн санадық.



Өңірдің басты экологиялық проблемасы ретінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын айтуға болады. Бір кездері мұнда Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытынан барлығы 105 млн. тоннадан астам қалдықтары жиналған. Өз кезегінде бұл жиынтық белсендігі 11,2 мың кюри және 51,8 млн. тонна әлсіз радиоактивтік қалдықдың жиналуына әкеп соқты. Ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан 1994 жылға дейін химиялық-гидрометаллургиялық зауыттың қатты радиоактивті қалдықтары көмілген.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаевтың айтуынша, күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік - шығыс бөлігінде, оның санитариялық аймағы шекарасынан тыс жерде. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта қалдық қоймасының және оның айналасындағы экологиялық жағдайы мәз емес. Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы халқының табиғи ортасы «экологиялық қысымда» тұрғаны ешқандай күмән келтірмейді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары, қалдық қоймасының жақын жердегі елді мекендердің экожүйесіне әсерін зерттеу мен бақылау жасау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Яғни, бірінші кезекте «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы экожүйесіне әсері және қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы тұрғындардың денсаулығына экологиялы-генетикалық әсерін бағалап көрген. «Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, санитариялық аймақ ішінде өмір сүретін кеміргіштердің дезоксирибонуклеиндік қышқылы мен хромосомдарына теріс әсері анықталған. Сондай-ақ, қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне және генетикалық (тұқымдық) ауруларға минорлы генотиптерді тасушылар түсуі мүмкін деген болжам жасалып отыр», - дейді Серік Сағынбаев.

Бұл проблеманы кешенді шешу мақсатында «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесі және бірінші кезеңінің жұмыс жобасының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Нәтижесінде, «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтірудің І кезеңінің жұмыс жобасын іске асыру үшін, республикалық бюджеттен төрт күнтізбелік жылға 17 518,159 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 2017 жылдың II жартыжылдығына – 3 738,786 млн. теңге; 2018 жылы – 5 168,147 млн. теңге; 2019 жылы – 5 426,304 млн. теңге; 2020 жылы – 3 184,922 млн. теңге қаржыландыру жөнінде ұсыныс өтінім берілген. Сонымен қатар Мұнайлы аудандық сотының шешіміне сәйкес, «Қошқар-Ата» қалдық қоймасында орналасқан иесіз қауіпті қалдықтар республикалық меншікке берілді. Жасанды көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында Ақтау қаласындағы кәріздік тазарту имаратынан (КОС-1) жыл сайын тазаланған 8,4 млн. м3 су құйылады. Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматтын тұрақтандыру үшін «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік бөлігінде жалпы аумағы 8,2 га тәжірибелік жасыл қорғаныш аймағы құрылып жатыр. Сондай-ақ, осыған ұқсас ұзындығы 3 км жасыл қорғаныш аймағын құру жоспарлануда.

Шөлейттенуге қарсы атқарылған жұмыстарды да айтып өту қажет. Маңғыстау облысындағы көшпелі құмдармен күрес жұмыстары қалай жүріп жатырғанды, әрбір тұрғынды мазалайтындығы сөзсіз. Айта кету керек, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өңіріміздің қарқынды игерілуі қоршаған ортаға түсетін антропогендік фактордың салмағын еселей түскендігі белгілі. Биологиялық алуан-түрліліктің кемуі соның бір көрінісі. Облысымыздың ірі құм массивтерінің жер асты су көздерінің игерілуі, құм массивтерінің қысы-жазы жайылым ретінде пайдаланылуы, және де жергілікті тұрғындардың орман ресурстарын отын ретінде пайдалануы құм сілімдерінің көшуіне әкелді. Мұндай жағдай Қарақия ауданындағы «Түйесу», Маңғыстау ауданындағы «Бостанқұм» және «Қызылқұм» құм массивтерінде көрініс алды. Аталған құм массивтерінің іргесінде орналасқан Сенек, Ұштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының тұрғындары табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуының салдарларының куәсі болды.

2004 жылдан бастап Сенек, 2007 жылдан Ұштаған, 2012 жылдан Тұщықұдық және де 2016 жылдан бастап Шебір ауылын көшпелі құмнан қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл уақыт арасында 2910 гектар аумақты алып жатқан территория қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қоршалған аумақтың өсімдік жамылғысы толықтай қалпына келді деп қорытындылауға болады.

Елді мекендерді көшпелі құмдардан қорғау жұмыстары алдымен «Түйесу» құм массивінде (Сенек ауылы) 2004 жылдары басталды. 2008 жылға дейін жүргізілген жұмыстарды Алматы қаласының география институты атқарды. Аумақтағы 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтатылды. 2009-2013 жылдары аумақта 300 гектар құм тоқтату іс шараларын іске асырды. «Бостанқұм» құм сілемінде (Ұштаған ауылы) 2007-2010 жылдар аралығында ауқымды құм тоқтату шаралары іске асырылды. Нәтижесінде тұрғылықты жер маңайындағы 530 гектар аумақтық құм массиві тұрақтанды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақтың құм тоқтату іс шаралары іске асырылды. 2011 жылдың аяғында Қызылқұмда (Тұщықұдық ауылы) құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағынын қамтиды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақта Тұщықұдық елді мекенін көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын іске асырды. 2016 жылы құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында басталып жалғасын табуда.



Тағы бір өзекті мәселе, Каспий теңізінің экологиясын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар жайы. Теңізде мұнайдың төгiлуінiң алдын алу және оны жою жөнiндегi өңірлік жоспары әзірленіп облыс әкімдігінің 09.08.2016 жылығы № 249 қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар, жер үсті өзен сулары облыс бойынша жоқ екені белгілі. Ал облыс аумағы жер асты су ресурстарымен және де Каспий теңізі айдынымен қамтылған.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасы Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігін қорғау аясында біршама жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, 1399,5 қашықтықты құрайтын Түрікменстан шекарысынан Атырау облысының шекарасына дейін су қорғау аймақтары мен белдеулері орналастырылды. Жыл сайын Экологиялық зерттеу зертханасы Маңғыстау облысының теңіз портының және де мұнай кен орындарының Каспий теңізінің жағалауларына техногенді әсерлерін кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жыл аясында Экологиялық зерттеу зертханасы Гидробиология бөлімімен толысып Каспий теңізінің гидрофлора және гидрофауна жағдайын зерттеуге мүмкіндік алды. Зерттеу жұмыстарының қорытынды есебі экология департаменті, геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы және де мамандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына анықталған экологиялық бұзушылықтарды жоюға шара қолдануға жіберіліп отырады.

Жылда халықаралық Каспий күні қарсаңына облыста мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттердің өкілдерімен және де халықаралық беделді ұйымдармен Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау мәселесінің аясында түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Әрине, экологиялық ахуалды жақсартуға құзырлы органдар барын салуда. Десе де, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жергілікті немесе республикалық бюджеттен қыруар қаржыны жұмсау арқылы шешіле бермейтіні айдан анық. Өкініштісі сол, қоршаған ортаны қорғаудың орнына, қазір қорлайтындар көбейген заман болып тұр. Бір ғана Каспий мәселесін айтатын болсақ, теңіз жағалауын ластануына адамдардың өздері жол беріп отыр. Демек, бұл ретте ең алдымен ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Мұны тек еститін құлақ, сезінтін жүрек болса жетіп жатыр.



Дайындаған Нұрбол Оқуов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.....
Әңгімелер
Толық

Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласының болашағы бар ма

Маңғыстау өңірі Қазақстандағы бірден бір жер үсті су көздері жоқ, қатал табиғатымен ерекшеленетін, экономиканың дамуының негізгі салалары мұнай мен газ өндіру болып табылатын, шөл және шөлейт аймақ. Сол себепті Маңғыстау облысын аграрлық өңірге жатқызу мүмкіндігі шектеулі. Дейтұрғанмен, аграрлық секторды облыс экономикасының дамуының драйверіне айналдыру мақсатында ата кәсіп - мал шаруашылығын қарқынды дамытумен қатар, егін шаруашылығын дамыту іске асырылып келеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Берішбаев мәлімдеді.

Айта кету керек, бірінші жарты жылдықта 2658,5 тонна ет, 3000 тонна сүт, 808,6 мың дана жұмыртқа, 4708,6 тонна ұн, оның ішінде 4513,3 тонна бірінші сұрыпты ұн өндірілген. Жалпы мал шаруашылығы саласында ілгерілеу жоқ емес. Ароөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында, мал шаруашылығында тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру негізгі екі бағыт бойынша айқындалған. .....
Әңгімелер
Толық

Қарияның жауабы

Орта жүздің аты шулы билері Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек пен қанжығалы Әлібек батыр ел аралап келе жатқанда оларға бір қария кездеседі.

Жәнібек би қарияға: «Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді?» деп сұрақ қояды.

– Ауыл ақсақалы шала болса,

Жігіттері алты ауыз ала болса.

«Ә» десе, «мә» дейтін,

Жасы үлкенін кішісі

Сыйламайтын көңілі қара болса,

Сол ауылдың берекесі кетеді, -дейді қария.

Сонда Қазыбек би тұрып: «Уа, ақсақал, үй берекесі қайтсе кетеді?» – дейді.

– Әйелі қабағын түйіп керілсе,

Шай қойып беруге ерінсе.

Келіні керіске сай болса,

Қызы сумақай болса,

Сол үйдің берекесі кетеді,– деген екен қария.

– Уа, ақсақал, не жақсы?

– Атың жақсы болса,

Тіршілікте мінген пырағың. .....
Әңгімелер
Толық

ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өңірдегі медиасауаттылық жүйесін дамытуға арналды

Талдықорған қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы, Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатындағы коммуникация және медиа» атты ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өткізілді.

Көктемгі мектеп қазақстандықтардың сандық жүйені қолданудағы сауаттылығын арттыруға және білім беру, медиа ақпараттық сауаттылық жүйесін дамытуға арналды.

Адамзаттың жаһандық дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіруі заңды. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындаған дағдарыстан шығудың негізгі жолы – тұрақты даму. Оның басты идеясы – ысырапқа жол бермеу, ресурстарды әділетті әрі тең бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы үдерістердің барлығында маңызды рөл ойнайтын, дамудың негізгі факторы - ғылым және білім беру екендігі дау туғызбайды. Тұрақты даму тек экономикалық өсу, инновация және өнімділік қана емес, әлеуметтік даму мен тұрақтылықтың іргелі міндеттерін де қарастырады. Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Соның 4-ші мақсаты – сапалы білімге қолжетімділік және өмір бойы оқуға (үздіксіз) мүмкіндік беру. Өңірлерде тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Сол себепті аймақтарда тұрақты даму мақсатындағы семинар-тренингтердің өткізілуі қажеттілік.

Тұрақты даму теория мен практиканы ұштастыруды, яғни дуалды оқытуды талап етеді. Университеттер енді тек оқу бағдарламаларымен ғана айналыспайды, қала, өңір, ел деңгейіндегі өзекті мәселелерді шешуге де белсене қатысады. Яғни, университеттердің қызметі өңірлердегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұлттық және халықаралық бағдарламалармен тығыз байланысты болуы тиіс. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылуы оқу орнына зор жауапкершіліктер жүктейді. Қазіргі таңда Қазақстанның 25 жоғары оқу орындары БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған.

Көктемгі мектепте «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғ. Әженова, белгілі PR маманы Қ. Домбай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы қоғамдық қорының президенті Е. Кәпқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Б. Әшірбаев, Factcheck.kz редакторы Д. Смақов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры Д. Мұхамеджанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к. А. Рожков, «Medianet» Халықаралық журналистика Орталығы, Factcheck.kz сайтының журналисі Ж. Тлеухан шеберлік сыныптарын өткізді. Қазіргі таңдағы медиакеңістік пен РR нарығындағы өзекті мәселелер ортаға салынып, шешілу жолдары көрсетілді.

Көктемгі мектептегі алғашқы шеберлік сыныпты «Рухани жаңғыру және ұлттық журналистика» тақырыбымен Б. Әшірбаев жүргізді. Ол заманға сай жаңғырудағы отандық мәдениеттің алатын ерекше орнына тоқталып, Қазақстанның бірегей тарихи және мәдениеті бар ел ретіндегі әлемдік дидарын айқындау, ұлттық бренд қалыптастырудағы қажеттілікті және ұлттық журналистикаға жүктелетін міндеттерді, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ұлттық журналистика көтеретін тақырыптарды сараптады.

Бедел – материалдық болмағанымен, жеке адам үшін де, бүтіндей ұжым үшін де аса маңызды актив. Қазіргі заманда беделді басқаруға болады. Бұл ұзақ мерзімді стратегия – бедел менеджменті деп аталады. Белгілі PR маманы Қ. Домбай абырой-бедел менеджменті тақырыбына тоқталып, компания беделін қалыптастырудың жолдарын баяндады. Компанияның нарықтағы дұрыс позициялануы, ақпараттық кеңістіктегі тиімді іс-әрекеті дәрістің негізгі өзегін құрады. PR саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маманның: «Компанияның құнына беделі де кіреді. Беделді компанияның бағасы да жоғары. Олай болса, бедел қаржымен өлшенеді. Көп жағдайда компанияның беделін басшысы емес, қызметкері қалыптастырады», - деуі көңілге қонымды. Қ. Домбай шеберлік сыныбы тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, аудитория тарапынан қойылған сауалдар көп болды.

Д. Мұхамеджанов қазіргі таңдағы заманауи технологияларға тоқталып, мектеп қатысушыларын хабар жасаудың қыр-сырларына қанықтырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешенінің мысалында студенттік телевидениенің ақпарат берудегі ерекшеліктерін сипаттады.

Factcheck.kz редакторы Д. Смақов пен осы сайттың журналисі Ж. Тлеухан жалған ақпаратты анықтау, тексеру, нақты дереккөздерін білу, фактілермен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетіп, ақпаратты тексерудің теориялық және практикалық әдістері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдаушыларға: «Әрбір адамның шындыққа таласы бар. Сіздер ақпараттағы нақты фактілерге назар аударып, қаншалықты тексерілгенін, қандай дереккөздерге жүгінгендігін, ақпараттың әлеуметтік маңыздылығын анықтай білулеріңіз керек. Әрбір мақаланы тексеруден қорықпау керек. Айтылған пікірді ресми, ашық ресурстар арқылы тексеруге болады», - деген кеңестер айтты.

Көктемгі мектептің екінші күні мазмұнды дәрістермен жалғасты.

Ғ. Әженова медиамәтіндердегі қорлау мен жала жабуға тоқталып, бейнесюжеттерді мысалға келтіре отырып, тыңдаушыларға мол ақпарат берді.

Е. Кәпқызының жасырын камераны пайдалану туралы ұтымды кейстері аудиторияға өте қызықты болды. Ақпаратты дереккөзден, ашық ресурстардан алу әдістері, сенімділігіне көз жеткізу, ақпаратты заңсыз және алдау арқылы алмау, жасырын камераны пайдалануға мәжбүрлейтін жағдайлар, қоғам білуі тиіс ақпаратты тарату және ақпараттың қайнар көзін көрсету қажеттілігі, ақпараттың жеке адамдарға зиянын тигізбеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Е. Кәпқызы өзінің шеберлік сыныбын: «Жасырын камераға бару үшін, ол ақпараттың қоғамға қаншалықты пайдалы екендігін екшеп алуымыз керек. Яғни, ақпарат алу біздің шындық принципімізбен сәйкесуі тиіс», - деген пікірмен аяқтады.

А. Рожков тыңдаушыларға жаңа медиаға арналған коммуникативтік форматтар туралы ақпарат берді. БАҚ-тың қоғамға ықпал ету әдістері, ақпаратты қабылдаудың жаңа формалары, сторителлинг, PR-дың дәстүрлі және инновациялық құралдары туралы шеберлік сыныбы да қызықтылығымен ерекшеленді.

Интерактивті форматта өткен Көктемгі мектеп қатысушыларға мол ақпараттар беруімен, практикалық тренингтер өткізуімен құнды болды.

Қоғамды ақпаратты ақ-қарасын айырып, дұрыс қабылдауға, сұрыптауға дағдыландыруды мақсат еткен Көктемгі мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

филология ғылымдарының докторы

Назгүл Шыңғысова .....
Әңгімелер
Толық

Айтуар Өтегенов | Құла ат қасіреті

I
Бұл пәниден пешенесіне жазылғанның бәрін тілімен татып, көзімен көрген Тұрмамбет батырдың қартайған кезінде келінінен естіген сөзінің іште тынған құсасы жан досы Балуанияз батырдың бейітінің басына келгенде лықып ақтарылды.

— Уа, Балуанияз! Еңіреп өткен ерім, орда бұзар отыз-ақ жасыңда еліңді жаудан қорғап жүріп, майданда қаза болған неткен бақытты едің. Сенің артыңда қалып, боқ домалатқан қара қоңыздай ұзақ ғұмыр сүргенде көрген нәпақам қайсы? Ошағының отын әзер жағып жүрген салпы етек, шайпау келіннің тілі тиді. Жаудан қайтпаған жүрегім бір шүйке бастан шайлықты. Енді өмір сүргім келмейді, мені қасыңа алып қал, құрдас...

Тұрмамбет атынан түсе сала құрдасының қабірінің суық топырағын құшақтап, еңкілдеп жылады. Өзі ес білгелі сексен жылдық ғұмырында тұңғыш жылағаны да осы болар. Келінінің "осы кәрі қақпастан-ақ құтылмадым-ау" деген сөзін естігеннен өлгені артық. "Қасыңа ал, құрдас, тай-құлындай тебіскен, жарты құртты бөліскен жан досым, бұл күнде сексен жастағы менің емес, отыз жаста опат болған сенің айбының зор ел ішінде, мен де дамылдайын, қу тірліктен жалықтым".

Мәрт батыр ағайынының, балаларының жалынған жалбарынғандарына қайтпады.

— Көштеріңді жолдан қалдырмай жүре беріңдер, мен енді Балуанияздың қасында қалам, - деумен болды. Қар көбесі сөгіле қыс бойы паналаған жылы ойдан қырға жайлауға бағыт алған ауыл көші амалсыздан Балуанияз батырдың бейітінің қасына келіп қонып, төрт-бес күн еру болуды қалады...

ІІ .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Жуан мен жіңішке


Николаевск темір жол вокзалында екі дос кездесе кетті: бірі жуан, бірі жіңішке. Жуан жаңа ғана вокзалдан тамақтанып шыққан еді, сондықтан оның май тиген еріндері піскен шиедей жылтырап тұрған. Одан херес пен флердоранж иісі шығады. Жіңішке жаңа ғана вагоннан шыққандықтан үстіне шамадандар, түйіншектер, қатырма қағаздар арқалап алған еді. Одан ветчина мен кофе тұнбасының иісі шығады. Жіңішкенің сыртынан ашаң жүзді әйелі мен ұзын бойлы, көзі сығырайған гимназист баласы қарап тұр. Жуан жіңішкені көріп:

— Порфирий! Сенбісің? Жарқыным-ау! Көріспегелі қанша заман! — деп дауыстап жіберді.

— Құдай-ау! — деп таңырқады жіңішке. — Миша! Бала жастан бірге өскен досым! Өзің қайдан жүрсің?

Достар үш қайтара сүйісіп алды да, жасқа толы көздерін бірінен-бірі алмай қарап қалды. Екеуі де естері кетіп елжіресті.

Сүйісіп болғаннан кейін жіңішке сөз бастады: .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Аққу құстар қуанышы

I

Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.

.....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Жансүгіров | Шаруа күні


Бүгін және «Шаруа күні» деген мейрам еді. Жақсы өсірілген шаруа өніміне өкімет бүгін бәйге бермек.

Әркім-ақ өз шаруасының бір-бір нұсқасын алып келіп, көрмеге қойған. Көрген комиссиялар барлығын жазып- сызып, үлгілі шаруаның алдыңғы бәйгесі мен мақтау қағазын Бадыраққа тағы әкеліп берді.

Жұрт жалпағынан құттықтап жатыр.

Бұларға Бадырақ пен Жеңсік ақ шатырдың астында тұрып, бас иіп ризашылығын білдіреді. Дәл осы кезде Бадырақтың көңілі тасқындап кетіп жан-жағына қарады.

Айналаның бәрі де қалалы қазақ шаруасы. Жұрттың бәрінің өзің ажарлы, киім киісі салтанатты. Біреуден біреудің дәулет артықшылығы жоқ секілді. Баяғы «бай, жалшы» дейтін қазақ ұғымы мұнда жоқ. Бәйгеден келген екі аттың үстіндегі екі пионер немересі жұртқа көсемдік қылып тұр. Қуанышқа кенелген Жеңсігі қасында, автомобилі астында.

Осыны көріп Бадырақтың көңілі тау суындай тасып кетті. Жүрегі ойнақтап тайдай тулады. Өткен бұлдыр күннің азабынан жүректің түкпіріне бұғып қатқан шер-мұңы босанып, бусанып, тас балқып, мұз жібіткендей болды. Өмірдегі бейнет теперішінде темірленген денелерде сіңірлер сықырлап жұмсарып, кедейлікте кепкен жүйкенің жүйесі босады.

Тасқындаған жүректің әлегімен алапты шарасынан алған екі ескі көз жаутаң қағып, кірпіктен қуаныш әсерімен жылым жас жерге төгіліп-төгіліп кетті.

Бұл жас біріншіден — өмірдегі денеде қалған жан жарасының ертедегі езгіндігінің шайындысы еді.

Екіншіден — жаңа дәуірдегі дәулетке тасыған жүректің тамшысымен көпірген көңілдің көбігі еді.

.....
Әңгімелер
Толық