Тоқаш Бердияров | Алло Мәутік

Аудандық тұтынушылар одағының қызметкері Кербике жеңгей келсаптай білектерін екі жаққа созып, ұзақ есінеді. Телефонның құлағын ғыр-ғыр еткізіп бұрады да, трубканы құлағына тосты:

— Әй, сары қыз, біздің пәтерді жалғап жіберші!.. Алтайка, папаң үйде ме?.. телефонға шақыршы, қалқам... Алло, Мәутік, мен үйге бүгін кешігіп барамын. Облыстан ревизор келмекші екен, соған әзірлену керек... сен былай істе: баланы ал да, отын жар. Сосын қазанға от жақ. Қазыға жас етті араластырып молырақ салғайсың. Шырпы ошақтың басында. Абайла, тұзы өткір боп кетпесін... Естіп тұрсың ба?.. Иә, дұрыс, солай істе!.. Алло, алло!.. Ұмытып барады екем... Сиырды қазыққа байлап, тағараға кебек сала салшы, жеп тұрсын. Бұзауына сақ бол, еміп қоймасын. Сырғашка қайда?.. Ойнап жүр дейсің бе?..Айналайын, әкем-ау, сақ болшы, әйтеуір. Мәшине-пәшине басып кетпесін!.. Сосын, Ермекжанның жаялығын далаға жая салшы, бай болғыр...

Кербике «уф» деп ауыр дем алып, трубканы тұғырына сарт еткізіп тастай салды. Ақ шайнектен пиялаға қою күрең шайды құйды да, сораптап іше бастады. Шып-шып терлеген кең маңдайын жібек орамалмен жиі-жиі сүртіп қояды. Аппақ бұғағы бүлкілдеп, оқтын-оқтын ықылық атады.

Кербике жеңгей трубкаға қайта қол салды.

— Алло!.. Райфо, райфо!.. Ә-ә, Шәрипаш, халің жақсы ма?.. Кербике ғой... Иә, біздің әлгі Мәутік жалақысын алды ма?.. Дұрыс, дұрыс! Премия берген жоқсыңдар ғой... Қанша қанша?.. Елу сом дейсің бе, ей!.. Түу, мо-ло-дед!.. Жақ-сы!.. Әй, әлгі кәупек баспен кездесіп тұрасың ба?.. Е-е-е жөн, жөн. Бұл пәни дүниеден шалқып бір өтсейші, жазған-ау!.......
Әңгімелер
Толық