Жүрек әмірі
Бәрі де көктемде басталған еді. Осы күннен бастап Ербол деген жас жігіт таумен таласқан сары үйлердің қасынан жиі өтетінді шығарды. Әр қадамын аңдап басып, балкондардан көз алмауды әдетке айналдырды. Жап-жас жігіттің осы бір қылығына көрші үйлердің тұрғындары үйреніп алып, іздейтінді де шығарды. Себебі, Ербол әр келген сайын үлкен қуаныш пен махаббатты арқалап келетін. Бір күні ән салса, келесі күні өлең оқып, арғы күні тағы бір дүниені ойлап тауып отыратын. Әрине, бұны бәрі оған оңайға соқпайтын. Амал бар ма, басқа салса махаббат не істетпейді?! Ербол келген сайын әлгі қыз балконда отыратын. Өмірі күтетін. Өмірі боянбаған қалпы, шашын екі өріп тастайтын. Өмірі езуінен күлкі кетпейтін. Сөйте тұра, көзінде бір нәзік мұң жататын. Өзі соншалықты әдемі еді. Дүниеде мұндай перизаттың барына Ербол бұрын сенбейтін, енді сенетін болды. Енді құлай сүйетін болды. Тек, әлгі қызды сыртқа шақырса шықпайтын еді. Жауап та бермейтін. Одан басқасының бәрін қапысыз атқаратын. Күл десе күлетін, әңгіме айт десе айтатын. Бұдан басқа не керек. Сол үшін де Ербол өкпелей алмайтын. Бәрі уақыттың еншісінде деп ойлайтын. Әшейінде жұрт екі жасқа сүйсініп қараушы еді. Махаббаттарының мәңгі болуын тілейтін еді. Екі жасты қосуға өздері-ақ дәнекер болатын еді. Бірақ, бұларда бәрі басқаша. Бұларға сүйсініп қараудың орнына, аянышпен қарайды екен. Енді Ербол үй алдына келгенде баяғыдай күліп қарамайды. Керісінше, кінәлап қарайтындар көбейе бастады. Жұрттың бұл өзгерісін Ербол еш түсіне алмады. Оны ол жамандыққа жорып та тастады. Менен басқа жігіттер көп келетін болған ғой деп ойлады. Менен артық туған жігіттер көп емес пе деп ойлады?! Бірақ, 24 сағаттың 12 сағатын осында өткізбейтін бе еді....
Махаббат хикаялары